Киев беларусь-украин қарым-қатынасының "түбегейлі өзгеруіне" байланысты екі ел арасындағы жағдайды талқылау үшін Минскідегі елшісін қайтарады. Бұл туралы Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба хабарлады.
"Өткен жұмада ресми Минск ұсталған "вагнерліктерді" (ресейлік жалдамалы сарбаздар) Ресейге тапсырды. Оларды Украинаға тапсыруға құқықтық және моральдық негіз болғанына қарамастан Минск солай істеді. Бұл қадам екі ел арасындағы сенімге селкеу түсірді және екіжақты қатынасқа соққы болып тиді. Бұдан соң Лукашенко Украинаны "Беларуське қастық жасап отыр" деп негізсіз айыптады. Ал Беларусьтегі жағдайды реттеуге Ресей және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын тарту ықтималдығы туралы ресми хабарламалардан азаматтардың жеке қауіпсіздігі мен тұтас аймақ қауіпсіздігіне жаңа қатер туындайды" деді Украина сыртқы істер министрі.
Министр "осы фактілер мен әрекеттер, бұған қоса Беларусьтегі жағдайдың даму барысы (қоғам президент сайлауының ресми нәтижесіне сенбей отыр – Д.К), беларусь-украин қарым-қатынасын түбегейлі өзгертеді" деді.
"Біз тарихта тұңғыш рет Беларусьпен қарым-қатынас мәселесінде осындай қадамға барып отырмыз және мұны Минскінің жол бермеуі тиіс болған әрекетіне байланысты жасап отырмыз" деді министр.
Украина президенті Владимир Зеленский Беларусьтегі жағдайдың ушығуына байланысты арнайы қызмет өкілдері, әскери басшылары және облыс жетекшілерімен жабық отырыс өткізген. Зеленский Беларусьтегі ахуал Украинадағы жағдайға әсер етуі мүмкін деп мәлімдеді.
Отырыста нақты қандай қорытынды жасалғаны белгісіз.
ПІКІРЛЕР