Accessibility links

Беларусьте "билікті ауыстыру" бойынша кеңес құрылды, Лукашенко "билікті басып алуға талпынып жатыр" деп айыптады


Үйлестіру кеңесінің мүшелері Минскіде баспасөз мәслихатын өткізіп жатыр. 18 тамыз 2020 жыл.
Үйлестіру кеңесінің мүшелері Минскіде баспасөз мәслихатын өткізіп жатыр. 18 тамыз 2020 жыл.

Беларусь оппозициясы билікті бейбіт ауыстыруды жүзеге асыратын үйлестіру кеңесін құрды. Президент Александр Лукашенко оппозицияның бұл қадамын “билікті басып алу талпынысы” деп атады.

Азаматтық қоғам өкілдерінен құралған оппозициялық кеңес 18 тамызда баспасөз мәслихатын өткізіп, билікті бейбіт ауыстыру бойынша келіссөз жүргізуге талпынатынын айтты. Тихановскаяның сенімді өкілі Ольга Ковалькова елден кетуге мәжбүр болған Тихановскаяның жақын арада Минскіге оралып, билікті ауыстыру келіссөзіне кепіл ретінде қатысуы мүмкін екенін жеткізді.

9 тамызда өткен президент сайлауында өзін жеңіске жеттім деп санайтын оппозиция кандидаты Светлана Тихановская бұған дейін видеомәлімдеме таратып, "елдегі жағдайды қалпына келтіру үшін" ұлт көшбасшысы болуға дайын екенін мәлімдеген болатын.

Президент Лукашенко оппозицияның әрекетін "мемлекеттік төңкеріс жасау талпынысы" деп атап, оған "өкпелілер" мен "нацистер" кіргенін, тізімге енгендерге "ақылға қонымды шара" қолданатынын ескертті.

Ал кеңес өкілдері Лукашенконың "билікті басып алуға тырысып жатыр" деген айыптауын жоққа шығарып, жоғары билікті оппозициямен диалог орнатуға үндеді. Лукашенко диалогтан бас тартса, өзге лауазымды тұлғалармен дағдарыстан шығу мәселесін талқылаймыз деді.

Үйлестіру кеңесіне шамамен 30 адам мүше. Олардың арасында Тихановская штабының басшысы Мария Колесникова, "Весна" құқық қорғау орталығының төрағасы Алесь Беляцкий және әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, жазушы Светлана Алексиевич те бар.

Беларусьте оппозиция президент сайлауының ресми қорытындысын мойындаудан бас тартқаннан кейін елде саяси дағдарыс ушыққан. Орталық сайлау комиссиясы қазіргі басшы Александр Лукашенко жеңіске жетті деп жариялаған. Оппозиция сайлау қорытындысы бұрмаланды деп санайды. Лукашенконың отставкасын талап еткен наразылық шаралары елдің түрлі қалаларында жалғасып жатыр.

Қарай отырыңыз: Беларусьтегі наразылыққа Қазақстан депутаттары не дейді? (18 тамыз 2020 жыл).

Беларусьтегі наразылыққа Қазақстан депутаттары не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:16 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG