Accessibility links

Наразылық кезінде басына оқ тиген ер адам Минск ауруханасында қайтыс болды


Минскідегі наразылық. 10 тамыз 2020 жыл.
Минскідегі наразылық. 10 тамыз 2020 жыл.

19 тамызда Минск әскери госпиталінде 43 жастағы Брест тұрғыны Геннадий Шутов қайтыс болды. Туыстарының сөзіне сүйенген TUT.BY сайты оның Брест қаласындағы наразылық кезінде жараланғанын, туыстары екі тәулік бойы таба алмағанын жазды. Оның басына оқ тиген.

Басында оны Брест облыстық ауруханасына жеткізген, кейінірек тікұшақпен Минскідегі әскери ауруханаға ауыстырған.

Оның қызы Людмила бұған дейін сайтқа әкесінің жарақаттанғанын айтқан болатын. "Миына зақым келіп, ауыр жарақаттанған, дәрігерлер ешқандай болжам жасай алмай отыр" деген еді.

Осыған дейін Беларусь ішкі істер министрлігі Бресте милиция қызметкерлерінің наразыларға оқ атқанын, бір адамның жарақаттанғанын растаған. Олар "наразы топтың милицияға шабуыл жасағанын" айтқан еді.

TUT.BY сайтының жазуынша, 9-11 тамыз аралығында Брест қаласындағы ауруханаға аяқ-қолы, көкірек қуысы, іші жарақаттанған шамамен жүз шақты адам көмекке жүгінген. 23 адам ауруханаға жатқызылған. Кейбіріне операция жасалған.

Минск мен елдің өзге қалаларында 9 тамызда өткен президент сайлауының қорытындысына наразылық акциялары жалғасып жатыр. Орталық сайлау комиссиясы сайлауда Александр Лукашенко жеңді десе, оппозиция сайлау қорытындысы бұрмаланды деп санайды. Мыңдаған наразы бірнеше күннен бері Лукашенконың отставкаға кетуін талап етіп жатыр.

Арнайы жасақ және милиция бастапқыда қарусыз наразыларды күшпен таратып, ұрып-соққан. Су, көзден жас ағызатын газ шашып, құлақ құндыратын граната, резеңке оқ қолданған.

Бұған дейін Беларусь ІІМ наразылық кезінде бір адамның қаза болғанын растаған еді.

Халықаралық ұйымдар және Батыс наразыларды күшпен таратуды айыптады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG