Accessibility links

Беларусь: Гродно билігі наразылардың талаптарын қабылдады


Гродно қаласындағы наразылық. 19 тамыз 2020 жыл.
Гродно қаласындағы наразылық. 19 тамыз 2020 жыл.

Гродно билігі президент сайлауының ресми қорытындысына наразылық білдірген белсенділердің барлық талаптарын заңды деп таныды. Бұл – наразылардың талаптарымен келіскен Беларусьтегі алғашқы қала.

19 тамызда Гродно қаласының атқару комитеті оппозиция кандидаты Светлана Тихановская штабы мен ереуілге шыққан зауыт жұмысшыларының талаптарын орындауға келісті. Атқару комитетінің ішкі істер басқармасының басшылығы ұсталғандардан халық алдында кешірім сұрады. Қазір рұқсат етілмеген митинг кезінде ұсталғандардың барлығы босатылған.

Бұған қоса, қалалық атқару комитетінің сайтында "қоғамдық келісім кеңесінің" құрылғаны туралы жазылған. Оның құрамына президент Александр Лукашенко мен атқару және заң шығару органы өкілдеріне қарсы оппозиция және қоғамдық қозғалыс өкілдері енген.

Гродный билігі сонымен бірге орталық алаңда қоғамдық шара өткізуге рұқсат берді. Гродный облысының депутаттар кеңесі прокуратураны "қоғамдық тәртіпті бұзу бойынша істерді объективті қарауға" үндеді.

Беларусьте оппозиция мен жақтастары, көп азаматтар президент сайлауының ресми қорытындысын мойындаудан бас тартқаннан кейін саяси дағдарыс ушыққан. Орталық сайлау комиссиясы елді 26 жыл басқарып келген Лукашенконың алтыншы рет жеңіске жеткенін айтса, наразылар оның отставкаға кетуін талап етіп жатыр. 9 тамыздан бері Беларусь қалаларында постсоветтік кезеңде болмаған ірі наразылық акциялары өтіп жатыр. Бірқатар негізгі кәсіпорын жұмысшылары ереуілге шықты.

Наразыларды күшпен басу кезінде жүздеген адам жарақаттанған, шамамен 7 мың адам ұсталған. Олардың бір бөлігі бұған дейін түрмеде өздерін аяусыз ұрып-соққанын, азаптағанын айтқан еді. Минскідегі наразылық кезінде – бір адам, Гомельдегі ұстау кезінде бір адам қаза болды. 18 тамызда денсаулық сақтау министрлігі Бресттегі наразылық кезінде зардап шеккен бір адамның ауруханада көз жұмғанын растады.

Елдегі танымал қоғам қайраткерлері мен белсенділер полицияның күш қолдануын айыптады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG