Accessibility links

Беларусь оппозициясы жалпыұлттық марш өткізуге дайындалып жатыр


Минскідегі наразылық. 16 тамыз 2020 жыл.
Минскідегі наразылық. 16 тамыз 2020 жыл.

Жалпыұлттық наразылық акциясы 23 тамызға жоспарланған.

Оппозиция алдағы жексенбі күні президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспейтіндердің басын қосып, "Жаңа Беларусь маршын" өткізейін деп отыр. Telegram-дағы Nexta.Live арнасында жарияланған хабарламаға сәйкес, акция Минск орталығы мен өзге қалаларда жексенбі күндіз өтпек. Бұған қоса, президент сайлауына қатысқан Светлана Тихановскаяның бастамасымен құрылған оппозицияның үйлестіру кеңесінің жетекшілері митинг кезінде маңызды мәлімдеме жасамақ.

Өткен жексенбі, 16 тамызда Беларусьте постсоветтік кезеңде болмаған ірі наразылық акциялары өткен. Онда негізінен үш талап айтылған: ұсталғандар мен саяси тұтқындарды босату, Александр Лукашенконы отставкаға жіберу және адам өлімі мен азаптау ісіне қатысы бар барлық күштік құрылым өкілдері мен шенеуніктерді жауапкершілікке тарту.

19 тамызда оппозицияның үйлестіру кеңесі Беларусь билігін тез арада келіссөз жүргізуге шақырды. Кеңес өкілдері билік келіссөзден бас тартса, елдегі саяси және экономикалық дағдарыстың онан сайын ушығуына жауап береді деді.

Үйлестіру кеңесінің мүшесі Мария Колесникова сәрсенбілік брифинг кезінде оппозиция конституциялық құрылым немесе елдің сыртқы саясат бойынша бағытын өзгертуді көздеп отырған жоқ деп мәлімдеді.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, 9 тамызда өткен президент сайлауында елді 26 басқарған Александр Лукашенко жеңген. Ресми мәлімет бойынша, оған сайлаушылардың 80 пайызы дауыс берген. Ал оппозиция сайлау қорытындысы жаппай бұрмаланды деп санайды, олар кезектен тыс әділ сайлау өткізуді талап етіп отыр. Белсенділердің есебінше, сайлауда оппозиция кандидаты Светлана Тихановская жеңген.

Билік 9 тамыз кешке басталған наразылық акцияларына қатысқандарды күшпен басты. Жүздеген адам жарақаттанды, мыңдаған адам ұсталды.

19 тамызда Александр Лукашенко мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне "наразылықты ұйымдастырушыларды анықтап, олардың әрекетін тоқтатуды" тапсырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG