Accessibility links

Оқуға түспей қалған жас спортшылардың ата-анасы қосымша грант бөлуді сұрайды 


Алматыда бір топ ата-ана жас спортшыларға көбірек грант бөлуді талап етті. 20 тамыз 2020 жыл.
Алматыда бір топ ата-ана жас спортшыларға көбірек грант бөлуді талап етті. 20 тамыз 2020 жыл.

Алматыда баласы оқуға түсе алмаған 30 шақты ата-ана спорт және туризм академиясының алдына жиналып, дене шынықтыру саласы бойынша бөлінген мемлекеттік грант саны аз деп шағынды. Айтуларынша, халықаралық деңгейдегі спорт шебері, республика және әлем чемпионатының жүлдегері сияқты жетістігі бар талапкерлердің көбі оқуға түсе алмаған.

"Ата-аналар спорт саласы бойынша негізгі оқу орны Қазақ спорт және туризм академиясынан және білім және ғылым министрлігінен қосымша грант бөлуді сұрайды. Себебі ақылы оқытуға мүмкіндігіміз жете бермейді" дейді ата-ана Кәмшат Райымханова.

– Балалардың еңсесі түсіп, не істерін білмей отыр. Төлеп оқытуға қазіргі дағдарыста жағдайымыз жетпейді. Спорт мамандығын таңдаған балалар тек осы салаға бара алады. Қосымша таңдау жоқ. Қосымша грант бөлу – біздің жалғыз талабымыз, – дейді ол.

Туризм және спорт академиясы алдында ақпарат құралдарына сұхбат беріп тұрған ата-аналар. Алматы, 20 тамыз 2020 жыл.
Туризм және спорт академиясы алдында ақпарат құралдарына сұхбат беріп тұрған ата-аналар. Алматы, 20 тамыз 2020 жыл.

Наразы ата-аналардың бірі Алматы тұрғыны Ерлан Бейсенов та жетістігі бар балалардың грантқа ілікпей қалғанына қынжылады.

– Ертең мемлекет ұялмай осыларды біздің чемпионымыз, біз оқыттық деп мақтанады ғой. Әке-шешесі ұйықтамай жүріп бұларды оқытатынын қайдан білсін?! Ертең атағы шығып, дайын болғанда шығады сондай. Ондай еш көмегін көріп отырғанымыз жоқ, – дейді Бейсенов.

"Дене шынықтыру және спорт" мамандығын таңдап, грантқа ілікпеген талапкерлер де ата-анасымен бірге келген. Солардың бірі спорт шебері, талдықорғандық Мерей Мәулітханов грантқа 2 балл жетпей қалғанын айтады. Сөзінше, спортпен кәсіби түрде шұғылданатын жастарға жеңілдік қажет.

– Мен 2018 жылы Хорватияда өткен әлем чемпионатының – қола, Иранда өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегерімін. Шыны керек, күніне екі уақыт жаттығуда жүреміз. Оқуға уақыт аз, – дейді талапкер.

Қазақ спорт және туризм академиясының басшылығы бұл жыл сайын қайталанатын проблема екенін айтады. Оқу орнының бірінші проректоры Мұхтар Есқалиевтің дерегінше, "дене шынықтыру және спорт" мамандығына республика бойынша 350 грант бөлінгенін, оның 163-і осы академияға берілген. Бұл былтырғыдан 100 грантқа аз. Есесіне оқуға тапсырған талапкер көп.

– 800-ге жуық бала құжатын тапсырды. Грант иелену олардың емтихан нәтижесіне байланысты. 2018 жылға дейінгі білім туралы заңда спорттағы жетістігі бар, пән олимпиадасы жүлдегері немесе алтын белгі иегерлеріне айрықша басымдық беру туралы тармақ өзгерген. Талай спортшы сол себепті гранттан тыс қалып отырғанын мойындаймыз, – дейді академияның бірінші проректоры.

Есқалиев "бұл мәселе бойынша министрлікпен наурыз айынан бері сөйлесіп отырмыз" дейді. Жиналған ата-аналар талабын айтып, бір сағаттан кейін тарады. Оларға қосымша грант бөлу-бөлмеу мәселесі шешілмеді.

Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев жұмыс телефонына жауап бермеді.

Былтыр мемлекеттік білім гранты иегерлері тізімі шыққаннан кейін түрлі мамандық бойынша қосымша 5 000 грант бөлінген. Ол көп балалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыдан шыққан балалар үшін қарастырылған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG