Accessibility links

Меркель мен Макрон Навальныйды емдеуге көмектесуге дайын екенін мәлімдеді


Оппозициялық саясаткер Алексей Навальный.
Оппозициялық саясаткер Алексей Навальный.

Франция президенті Эммануэль Макрон және Германия канцлері Ангела Меркель ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды Еуропада емдеп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді.

20 тамыз күні екі ел жетекшісі бірігіп өткізген баспасөз мәслихатында Франция да, Германия да саясаткердің отбасына саяси баспана беруге әзір деді.

20 тамыз кешке қарай Baza басылымы дереккөзге сүйене отырып, Омбыдағы ауруханада 12 сағаттан астам ес-түссіз жатқан Навальныйда ми ісігі байқалғанын хабарлады. Ақпарат құралының жазуынша, ресей дәрігерлері саясаткерден көптеген анализ үлгілерін алса да, оның нақты неден уланғанын анықтай алмаған.

Ал "Коммерсант" басылымының жазуынша, денсаулық сақтау министрлігінің аймақтық бөлімшесі Навальныйда ми ісігі байқалды деген ақпаратты жоққа шығарған. Басылымның дерегінше, Омбы ауруханасының дәрігерлері инфаркт, инсульт, коронавирус және өзге де бірқатар ауру түрлерін ықтимал диагноз қатарынан алып тастаған.

Омбы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Анатолий Калиниченко дәрігерлердің Навальныйға нақты диагноз қоя алмай отырғанын хабарлады. Оның сөзіне қарағанда Навальныйды кешенді тексеру кезінде дәрігерлер Пирогов және Бурденко институтының сарапшыларымен кеңескен, бірақ нақты нәтиже жоқ.

20 тамызда таңертең Алексей Навальный Томскіден Мәскеуге қайтып бара жатқан шақта ұшақта жағдайы күрт нашарлап, лайнер шұғыл түрде Омбыға қонған. Жедел жәрдем көлігі шақыртылып, Навальный ессіз күйде Омбыдағы ауруханаға жеткізілген. Оны өкпені жасанды тыныс алу аппаратына қосқан.

Ақпарат бойынша, ол Сібірде болып, кезекті зерттеуіне материал жинап келе жатқан.

Оқиға кезінде Навальныйдың жанында болған саясаткердің баспасөз хатшысы Кира Ярмыш таңертеңнен бері саясаткер тек шәй ішкендіктен қастандық ұйымдастырушылар "оның шәйіне бірнәрсе қосып, уландыруы мүмкін" деп топшылайды.

Бейсенбі күні кешке қарай Омбыға оның әйелі Юлия Навальный, дәрігер Анастасия Васильева және жемқорлықпен күрес қорының директоры Иван Жданов жетті. Олар Навальныйды шетелде емдеуді талап етті, алайда Омбы ауруханасының бас дәрігері пациенттің жағдайы тұрақты ауыр болғандықтан "ол жолды көтере алмайды, ауыстыруға болмайды" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG