21 тамыз күні Қазақстанда 242 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Вирус жұқтырған 129 адамда ауру белгілері байқалған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ресми дерек бойынша, коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың жалпы саны 104313-ке жеткен. Бірақ ауырғандар саны шын мәнінде бұдан әлдеқайда көп деп, ресми статистикаға күдік келтіретіндер көп.
Аймақтар бойынша жағдай мынадай:
- Алматы қаласында – 14034 (+40 адам жаңадан қосылды)
- Нұр-Сұлтан қаласында -13710 (+24),
- Шымкент қаласында -5160 (+1),
- Атырау облысында -10803 (+17),
- Қарағанды облысында – 9918 (+24),
- Шығыс Қазақстан облысында – 7951 (+30),
- Батыс Қазақстан облысында – 6662 (+16),
- Алматы облысында – 4864 (+7),
- Жамбыл облысында – 4043 (+9),
- Солтүстік Қазақстан облысында – 3836 (+14),
- Павлодар облысында – 3750 (+15),
- Қостанай облысында – 3325 (+10),
- Маңғыстау облысында – 3305 (+12),
- Ақмола облысында – 3304 (+8),
- Түркістан облысында – 3235 (+11),
- Қызылорда облысында -3224 (+2)
- Ақтөбе облысында – 3189 (+2).
Үкімет мәліметінше, ПТР тестімен расталған коронавирус ауруынан жазылғандар бір тәулікте 1792 адамға артып, 89 712 адамға жеткен. Аурудан 1415 адам қайтыс болған.
Қазақстан үкіметі 1 тамыздан бастап коронавирустық пневмония дерегін жариялап келеді. 1-20 тамыз аралығында пневмонияның бұл түріне 21 264 адам шалдығып, ауру салдарынан 243 адам қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігі 17 шілде күні 1 тамыздан бастап Covid пен коронавирустық пневмония дерегі біріктіріледі деп уәде берген. Бірақ іс-жүзінде министрлік деректерді біріктірмей бөлек жариялап отыр. Журналистер мұның себебін сұрағанда министрлік анық жауап бере алмады. Коронавирустың тарауы жөнінде дерек базасын жүргізіп отырған Джонс Хопкинс университеті Қазақстан статистикасына денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйеніп көрсетіп отыр. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Аурудың алдын-алу және бақылау жөніндегі Еуропа орталығы (European centre for disease prevention and control) Қазақстанның коронавирус статистикасына ел үкіметі 1 тамыздан санақ жүргізіп келе жатқан коронавирустық пневмония деректерін де қосып келеді. Екі дереккөздің 21 тамыздағы мәліметі бойынша, Қазақстанда ауруға 125 335 адам шалдыққан.
ПІКІРЛЕР