Accessibility links

Беларусь билігі Азаттық радиосын және ондаған өзге сайтты бұғаттап тастады


Бұғатталған сайттарды ашпақ болған интернет қолданушылары Беларусь ақпарат министрлігінің хабарламасына тап болады.
Бұғатталған сайттарды ашпақ болған интернет қолданушылары Беларусь ақпарат министрлігінің хабарламасына тап болады.

Беларусь билігі ел президенті Александр Лукашенкоға қарсылық наразылық акциялары күшейген тұста ақпарат ағымын бақылау үшін Азаттық радиосы Беларусь қызметінің сайтын және ондаған өзге сайтты бұғаттады.

Бұғаттау Беларусь ақпарат министрінің 21 тамыздағы бұйрығына сәйкес жүзеге асырылды. Елдегі президент сайлауынан кейін басталған жаппай қарсылық шерулері қатыгездікпен жаншуға қарамастан жалғасын тауып, демалыс күндері қайта өтпек болған. Бірақ билік шеруді болдырмаудың түрлі амалдарын жасап жатыр. Сайттарды бұғаттау солардың бірі болуы ықтимал.

Азаттық радиосы Беларусь қызметінің сайтымен (Svaboda.org) бірге 72 сайт пен VPN сервистері бұғатталды.

Бұл сайттарды ашқанда шағын хабарлама пайда болады. Ол хабарламада сайттың Беларусь ақпарат министрінің шешімі бойынша бұғатталғаны жазылған.

Бұғатталған сайттардың қатарында Belsat, Euroradio және Mediazona Belarus бар. 9 тамыздағы президент сайлауының нәтижесін бақылау үшін іске қосылқан zubr.in сайты мен Voice платформалары да бұғатталған.

Беларусьтегі адам құқықтары жөніндегі "Весна" үкіметтік емес ұйымының сайты да ашылмай тұр. Ұйым сайлаудан кейінгі қарсылық шерулерін күшпен жаншуды бақылап отырған.

Сайлаудан кейінгі шерулерде 7000 шамасында адам ұсталып, жүздеген адам жарақаттанды, үш адам қайтыс болды. Босатылғандардың кейбірі түрмеде отырғанда соққыға жығылғанын айтып шағынды.

Беларусьте президент сайлауынан бері интернет жұмысында ақаулар байқалып келеді.

Сарапшылардың айтуынша, интернет сервистері наразылық шерулерін ұйымдастыруға мүмкіндік бермеу үшін және сайлау нәтижелері туралы сыни пікірлерді таратпау үшін бұғатталған.

Беларусь орталық сайлау комиссиясы Лукашенконың 80 пайызбен жеңіске жеткенін хабарлағанда, тұрғындар сайлау нәтижесі бұрмаланған деп көшеге шықты. Қарсылық шерулерінің алғашқы күндері полиция шерушілерді ұрып-соғып, қатыгездік танытты. Полицияның бұл әрекеті наразылар санын одан әрі арттырып, шерулер осы күнге дейін жалғасып келеді. Оппозиция атынан сайлауға түскен Светлана Тихановская да, Еуропалық одақ та сайлау нәтижесі бұрмаланған деп санайды.

Сайлаудан кейінгі наразылық акцияларына полиция ондаған журналисті ұстап әкетіп, оларға қорлық көрсеткен. Ұсталған журналистер қатарында Азаттық радиосының бірнеше тілшісі болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG