21 тамыз күні Қазақстанда ПТР тестімен расталған коронавирустан 15 адамның пен диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған коронавирустық пневмониядан 6 адамның қайтыс болғаны анықталды. Коронавирустық пневмония бір тәулікте 666 адамнан табылған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қазақстан үкіметі 1 тамыздан бастап ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын вирустық пневмония есебін жүргізіп келеді. Тамыздың алғашқы үш аптасында пневмонияның бұл түрі 21 930 адамнан анықталған, аурудан 249 адам қайтыс болған.
Ресми дерек бойынша, 13 наурыз бен 21 тамыз аралығында 104 313 адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған. Аурудан 89 712 адам жазылып, 1496 адам қайтыс болған.
Қазақстанда денсаулық сақтау министрлігі коронавирустық пневмония есебін ресми түрде жариялай бастағанға дейін шығу тегі белгісіз пневмония қатты өршіді. Жылдың алғашқы жеті айында ауруға 256 мың адамның шалдыққаны белгілі болды. Бұл өткен жылдың жеті айлық мәліметінен 3,3 есе жоғары көрсеткіш. Оның 35 мыңы маусымда, 152 мыңы шілдеде тіркелген.
Денсаулық министрлігі өкпе ауруына шалдыққандардың нешеуінен бактериялық, нешеуінен вирустық пневмония анықталғанын айтпады. Алайда министрлік 1-8 шілде аралығында пневмонияға шалдыққан 56 809 адамның 39 702-сінде коронавирус белгілері барын мәлімдеген. Бұл 39,7 мың науқастың ешқайсысы коронавирус статистикасына қосылмаған.
ПІКІРЛЕР