Accessibility links

Беларусь билігі Минскіде шеруден ақпар таратқан Азаттық радиосының журналистерін депортациялады


Беларусьтен депортациялау жөніндегі штамп.
Беларусьтен депортациялау жөніндегі штамп.

Азаттық радиосы Орыс қызметінің журналистері Юлия Вишневецкая мен Андрей Киселевті 21 тамыз күні Минск полициясы ұстап әкеткен болатын. Бірнеше сағаттан кейін Беларусь билігі журналистерді Ресейге депортациялау жөнінде шешім шығарды.

Вишневецкая мен Киселев Азаттық радиосының Мәскеу бюросында жұмыс істейді. Бюро редакциясы тілшілерін Минскіге жібермес бұрын Беларусь сыртқы істер министрлігінен ел территориясында жұмыс істеуге аккредитация сұраған. Редакция депортациялауды заңсыз санайды.

Беларусьте 9 тамыздағы президент сайлауынан бері наразылық акциялары өтіп келеді. Орталық сайлау комиссиясы елді 26 жыл басқарған Александр Лукашенко 80 пайыз дауыспен жеңіске жетті деп мәлімдеді. Оппозиция сайлау нәтижесі бұрмаланған деп, жеңіске Светлана Тихановская жетті деді. Сайлау нәтижесіне көңіл толмаған мыңдаған беларусь көшеге шығып, дауысты қайта санауды талап етті. Билік жауап ретінде шерушілерді аяусыз соққыға жығып, жаппай ұстап әкетті. Босап шыққандар түрмеде де ұрып-соққанын айтып, шағымданған болатын. Полицияның қатыгездігі наразылар санын одан әрі көбейтіп, акциялар Беларусьтің өзге қалаларында өте бастады.

Билік журналистердің қарсылық акциялары туралы тәуелсіз ақпарат таратуына кедергі жасап келеді. 7 тамыз күні Беларусь билігі «Настоящее Время» телеарнасының журналистерін елден қуған болатын.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясы президентінің міндетін атқарушы Дейзи Синделар Беларусь билігінің бұл әрекетін сынға алып, "еркін баспасөздің құқықтары мен Беларусь азаматтарының цензурасыз ақпаратқа деген құқықтарына салғырт қараудың мысалы" деп атады. Юлия Вишневецкая мен Андрей Киселев – деректі фильм түсірумен айналысатын журналистер. Олар -Азаттық радиосындағы "Өмір белгілері" деректі жобасының авторлары.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG