Accessibility links

Навальныйды алып кеткен ұшақ Берлин әуежайына қонды


Ресейдегі оппозиция саясаткері Алексей Навальный Германияға жеткізген ұшақ.
Ресейдегі оппозиция саясаткері Алексей Навальный Германияға жеткізген ұшақ.

Ресей оппозициясының жетекшісі Алексей Навальныйды Омбыдан алып кеткен ұшақ Берлин әуежайына қонды. Бұл туралы FlightRadar24 қызметінің дерегінен көруге болады. Навальныйды Германия астанасындағы "Шарите" ауруханасына жеткізуі тиіс. Германиялық Bild басылымы саясаткердің денсаулығы тұрақты деп хабарлады.

Алексей Навальный 20 тамыз күні таңертең Томскіден Мәскеуге бағыт алған ұшаққа отырған. Жолда оның денсаулығы күрт нашарлап, ұшақ Омбыға қонуға мәжбүр болған. Жедел жәрдем көлігі Навальныйды әуежайдың қоны алаңынан алып кетіп, қаладағы №1 аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізді. Саясаткер содан бері комада.

Саясаткердің жақтастары оның уланғанына сенімді. Омбы дәрігерлері ешқандай улы зат таба алмағанын мәлімдеді. Олар ағзадағы зат алмасу бұзылған деп диагноз қойды. Зат алмасуының бұзылуына не түрткі болғаны айтылмады. Навальныйдың отбасы оны шетелге алып барып, сол жақта емдеуді талап етті. Омбы дәрігерлері науқасты неміс әріптестеріне беруден бір күн бойы бас тартып келді. Олар науқастың денсаулығы жолды көтермейді деді. Бірақ ақыры рұқсат берді.

Cinema for Peace Foundation ұйымы Навальныйды Германияға алып кету үшін медициналық ұшақ жіберді. Ұйым 2018 жылы Pussy Riot феминистік тобының мүшесі, "Медиазона" басылымының негізін қалағандардың бірі Петр Верзиловты Германияға жеткізген. Неміс дәрігерлері оның ағзасынан ұланудың белгілерін анықтаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG