Accessibility links

Азаттық оқырмандары жалғызбасты ананың үй алуына көмектесті


Оморгүл Зияа үш баласымен бірге ипоткаға алған жаңа пәтерінде отыр. Теміртау, тамыз айы 2020 жыл.
Оморгүл Зияа үш баласымен бірге ипоткаға алған жаңа пәтерінде отыр. Теміртау, тамыз айы 2020 жыл.

Азаттық оқырмандары 32 жастағы жалғызбасты ана Оморгүл Зияаның Теміртау қаласынан пәтер сатып алуына көмектесті. Үш бала тәрбиелеп отырған Зияа бұған дейін баспанасыз қалған болатын. Осыған дейін Азаттық Қазақстанның түрлі қалаларынан тұрғындардың отбасына азық-түлік, ақша, түрлі қажетті заттар жібергенін де жазған еді. Аты-жөнін атамаған Қарағанды тұрғыны әйелдің отбасына 2 млн 300 мың теңге (шамамен 5,5 мың доллар) көлемінде ақша берген.

– Маған ер адам хабарласып, Азаттықтағы мақаланы оқығанын, көмектескісі келетінін айтты. Ол беретін ақшаға мүмкіндігінше баспана алып алғанымызды қалайтынын жеткізді. Мен қуандым, бір жағынан қалған ақшаны тапқанша ойынан айнып қалса не болады деп те уайымдадым. Қалған қаржының бір бөлігін жинауға қазақстандықтар, қайырымдылық қоры, студенттер көмектесті. Сүйтіп, банктен алты жылға ипотекаға баспана алдым. Қорқынышты, бірақ тәуекел етуге тура келді. Жалғызбасты ана ретінде тіркелген баспана кезегім өте баяу жылжып жатыр. Әлі көп күту керек. Пәтерақы төлегенше жәрдемақының бір бөлігін соған төлеймін. Пәтер менің атыма тіркеліп те қойды. Ақырындап амалдаймыз, – деді Оморгүл Зияа Азаттық тілшісіне. Ол қазір жаңа пәтерде тұрып жатыр.

Оморгүл несиені толық өтеп бітпейінше баспана банкте кепілдікте болады. Ол банкке 2 млн 348 мың теңге қарыз. Пайыздық мөлшерлемені қосқанда алты жыл ішінде айына 38 мың теңгеден 2 миллион 717 мың теңгені өтеп бітуі тиіс. Жалғызбасты ана екі бөлмелі пәтерді жергілікті тұрғыннан 4 млн 700 мың теңгеге сатып алған.

Оморгүл мүгедектігі бар кіші ұлын тысқа көтеріп шығаруға ыңғайлы болсын деп әдейі бірінші қабаттан пәтер іздеген. Бұған дейін айына 40-45 мың теңге төлеп, пәтер жалдап келген. Қазір Оморгүл үш баласымен бірге мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмекпен күн көріп жатыр. Бір баласы биыл бірінші сыныпқа барады.

Азаттық оқырмандары бұған дейін Оморгүлдің екі жасар ұлы Әбубәкірді емдету үшін де ақша жіберген. Мемлекеттік аурухана дәрігерлері қолын бір сілтеп, ешқандай үміт жоғын айтқанннан кейін Оморгүл жеке клиника дәрігерлеріне жүгінген. Қымбат операциядан соң баланың денсаулығы жақсарған: қазір ол өздігімен басын, мойнын, арқасын көтеріп, жан-жағына бұрыла алады, отыра алады, арнайы жүріс арбасымен қозғала алады. Бірақ Оморгүл баласын толық емдетуге қаржы жетпейтінін айтады. Бір ғана емдеу массажы 45 мың теңге тұрады. Тұрақты түрде жұмысы жоқ күйеуі әлі алимент төлемеген.

Бұған дейін Азаттықта Оморгүл туралы материал жарияланғаннан кейін жергілікті билік оған атаулы әлеуметтік көмек тағайындап, баспана кезегіне тұрғызған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG