Accessibility links

Башқұртстанда белсенді Ділмұхаметов 9 жылға бас бостандығынан айрылды


Башқұрт белсендісі Айрат Ділмұхаметов.
Башқұрт белсендісі Айрат Ділмұхаметов.

Самараның Орталық аймақтық әскери соты дүйсенбі, 24 тамызда башқұрт белсендісі Айрат Ділмұхаметовті 9 жылға бас бостандығынан айырды. Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметінің хабарлауынша, сот сонымен бірге белсендіге үш жылға интернет-сайтта жұмыс істеуге тыйым салған.

Сот "Ресейдің территориялық тұтастығын бұзуға шақыратын ұрандар көтерді", "терроризмді насихаттады", "экстремизмді қаржыландырды" деп айыпталған Ділмұхаметовті кінәлі деп тапқан.

Айыптау негізінен оппозициялық Еркін Ресей форумы жариялаған видеомәлімдемеге негізделген. Онда аймақтарға көбірек еркіндік беруге шақыратын ұрандар бар. Бұған қоса, айыптау тарабы Ділмұхаметовтің екі жыл бұрын "Эхо Москвы" радиостанциясына берген сұхбатын да айғақ ретінде қолданған.

Башқұртстанда этностардың құқығы мен аймақтың дербестік мәселесі ушығып тұр. Бұған дейін президент Владимир Путин аймақ билігінің дербестігін шектеп, мектептерде этностардың ана тілін міндетті пәндер қатарынан алып тастаған. Осыдан соң аймақта бұл мәселелер жиі көтеріле бастаған.

Оқи отырыңыз: Өзін өртеген удмурт ғалымының наразылығынан соң Ресейді тіл саясатын өзгертуге шақырды

Ресейлік "Мемориал" құқық қорғау орталығы 2019 жылы сәуір айында Айрат Ділмұхаметовті саяси тұтқын деп атаған. Белсенді өзін саяси қудалап жатыр деп есептейді.

Ділмұхаметов бұған дейін екі рет сотталған. 2015 жылы наурыз айында Айрат Ділмұхаметов "терроризмге жария түрде шақырды" деп айыпталып, үш жылға бас бостандығынан айырылған. 2011 жылы "экстремизм бабы" бойынша алты жылға бас бостандығынан айырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG