Accessibility links

Түркістан облысында автобус аударылды. Үш адамның жағдайы ауыр


Аударылған автобус. Көрнекі сурет.
Аударылған автобус. Көрнекі сурет.

26 тамыз күні таңертең Алматыдан Сарыағашқа келе жатқан жолаушылар автобусы Түркістан облысындағы Машат шатқалының маңында аударылып, 25 адам зардап шекті. Олардың сегізі ауруханаға жатқызылды, үшеуінің жағдайы ауыр. Бұл туралы Түркістан облыстық полиция департаменті мен денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзованың айтуынша, автобус апаты Алматы-Ташкент-Термез тас жолында болған. Аударылған автобустың ішінде 25 адам болған. Жүргізуші рөлді басқара алмай, жол жиегіне шығып кеткен.

– Автобус жөндеуден кейін алғаш рет жолға шыққан. Алматыдан Сарыағашқа бару үшін келе жатқан. Ал жолаушылар жол жөнекей мінген. Зардап шеккен жолаушылардың екеуі – жүкті әйел, – дейді Қаракөзова.

Сайрам аудандық ауруханасының бас дәрігері Төлеген Құралбаевтың сөзінше, аударылған автобустың ішінде болған 8 адам ауруханаға жатқызылған. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр, жан сақтау бөліміне жатқызылған. Жол апатынан зардап шеккен үш бала облыстық балалар ауруханасына жіберілген.

Полиция жол апатына байланысты Қылмыстық кодекстің "Жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу" бабымен іс қозғалғанын хабарлады. Тергеу амалдары жүріп жатыр.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG