Accessibility links

Қазақстаннан Қырғызстанға экстрадицияланған экс-депутат Асылбекуулы амнистиямен босатылды


Дамирбек Асылбекуулу.
Дамирбек Асылбекуулу.

Қазақстанда "экономикалық контрабанда ісі" бойынша сотталып, былтыр Қырғызстанға экстрадицияланған қырғыз парламентінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекуулы амнистиямен бостандыққа шықты. Бұл туралы сот үкімін қайта қараған Қырғызстанның жоғарғы сотына сүйенген Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Қырғызстан жоғарғы сотының мәліметінше, істе "жаңа жағдайлар ескеріліп" қайта қаралған. Осылайша Дамирбек Асылбекуулы "трансұлттық қылмыстық топты ұйымдастыру" бабы бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылған, ал "экономикалық контрабанда" бабы бойынша үш жылға бас бостандығынан айырылған. Экс-депутат Қырғызстандағы Сәуір революциясына он жыл және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 75 жыл толуына орай жарияланған амнистияға ілініп, бостандыққа шыққан.

Асылбекуулының бостандыққа шыққаны өткен аптада белгілі болған. Оның қамаудан босатылғанын Қырғызстан мемлекеттік қылмыстық атқару қызметі хабарлаған, бірақ жай-жапсары белгісіз.

Қазақстан жағы әзірге Асылбекуулының бостандыққа шығуына байланысты қандай да бір реакция білдірген жоқ.

"Шекарадан контрабанда тауарын өткізбек болды" және "трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты" деп айыпталған Асылбекуулы және тағы 11 адам былтыр сәуір айында Алматыда 3-14 жыл аралығында бас бостандықтарынан айырылған еді. Алматы қаласының аппелациялық соты үкімді өзгертпеді. Асылбекуулы және өзге де айыпталушылар тағылған айыптарды мойындамаған. Былтыр қараша айында олар Қырғызстанға экстрадицияланды.

Дамирбек Асылбекуулу және бұл іске тартылған 11 азамат 2018 жылы 15-16 ақпан күндері сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жамбыл облысында өткен арнайы операция барысында ұсталған. Қамауға алынған 35 адамның арасында кеден органдары, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер бар екені хабарланды. Қазақстан бас прокуратурасы сол кезде Қытай, Қазақстан, Ресейден заңсыз тауар тасымалдаған "трансұлттық ұйымдасқан топтың ізіне түскенін" айтқан еді.

Былтыр сәуір айында Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясы “өзге ел азаматтығын алған болуы мүмкін” деген себеппен Асылбекұлын депутаттық мандаттан айырған. Бұған қоса, парламент депутаттары шенеуніктердің қос азаматтығы мәселесін тексеру қажеттігін алға тартқан.

Қазақстанның ішкі істер министрлігі Асылбекуулуның қазақстандық паспорты барын айтқан. Асылбекуулуның туыстары бұл мәліметті жоққа шығарып, қамауды біреулердің бұрынғы депутатпен "есеп айырысуы" деп бағалаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG