Accessibility links

ЕО жиыны қарсаңында Минскіде милиция наразыларды алаңнан қуып, кейбірін ұстады


Тәуелсіздік алаңында шеру жасап тұрған азаматтар. Минск, 26 тамыз 2020 жыл.
Тәуелсіздік алаңында шеру жасап тұрған азаматтар. Минск, 26 тамыз 2020 жыл.

26 тамызда Минскіде милиция Тәуелсіздік алаңында наразыларды қуды.

Ақпарат бойынша кемінде 20 адам ұсталған. Ақ және қызыл түсті ту ұстаған жұрт "Кет!" деп айқайлап, елді 26 жыл басқарған президент Александр Лукашенконың отставкасын және жаңа сайлау өткізуді талап еткен. Арнайы жасақ орталық алаңға жақын жердегі храм ішінде болған жүз шақты адамды ғимараттан шығармай, 40 минут ұстаған.

Әлеуметтік желі қолданушылары аумақта уақытша мобильді интернет ұстамай қалғанын жазды. Олардың айтуынша, арнайы жасақ сарбаздары келер алдында интернет өшкен. Мобильді интернет жылдамдығының азайғанын A1 провайдері де растады. Компания өкілдері биліктің бұйрығымен интернет өшірілгенін хабарлады.

"Весна" құқық қорғау тобының өкілі Валентин Стефанович билік ұстау арқылы халықты қорқытқысы келетінін айтып, "қоқан-лоққы және қорқыту билікте қалған негізгі қару" деген.

27 тамызда Германияда Еуроодақ сыртқы істер министрлерінің екі күнге созылатын жиыны өтпек. Онда Беларуське санкция салу мәселесі қарастырылмақ. Германияның сыртқы істер министрі Хейко Маас 26 тамызда Беларусь билігін "адам құқығы мен негізгі демократия принциптерін өрескел бұзғаны үшін" айыптап, мұндай құқықбұзушылықтар "жауапсыз қалмауы тиіс" деді.

  • 9 тамызда Беларусьте президент сайлауы өткен. Ресми мәлімет бойынша, қазіргі басшы Александр Лукашенко сайлаушылардың 80 пайыз дауысын алған. Сайлау кезінде дауыс ұрланғаны туралы көптеген дәлел көрсеткен оппозиция сайлау қорытындысын мойындаған жоқ.
  • 9 тамыз кешкі уақыттан бері Беларусьте Лукашенконың отставкасын талап еткен жаппай наразылық шаралары өтіп жатыр. Билік наразыларға күш қолданды. Мыңдаған адам ұсталды, жүздеген адам соққыға жығылып, азапталды, кемінде үш адамның қаза болғаны хабарланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG