Accessibility links

Висконсиндегі тәртіпсіздікті реттеуге қосымша күш жіберілді


Тәртіпсіздікті реттеуге келген арнайы жасақ. Висконсин штаты.
Тәртіпсіздікті реттеуге келген арнайы жасақ. Висконсин штаты.

АҚШ әділет министрлігі 200 шақты құқық қорғау қызметкерін Висконсин штатына жіберді. Олар Кеноша қаласында полицей қара нәсілді азаматты атқаннан кейін туындаған тәртіпсіздікті реттеуге көмектесуі тиіс.

Әділет министрлігінің өкілі Керри Купес Twitter желісінде "аумақта федералдық ресурс қажет болса, көбейе береді" деп жазды. Бұған дейін президент Дональд Трамп қалаға қосымша күш жіберіледі деп айтқан еді.

23 тамызда полицейдің қара нәсілді 29 жастағы Джейкоб Блейкті жаралағаны белгілі болғаннан кейін қалада қатарынан екі күн бойы тәртіпсіздік болып, бизнес нысандары бүлінген, көліктер мен үйлер өртеніп, шағылған. Наразылықтың үшінші түні наразылар мен қарулы күзетшілер арасында қақтығыс болып, кемінде екі адам қаза болған, бір адам жарақаттанған. Полиция 26 тамызда адам атты деген күдікпен жасөспірімнің ұсталғанын хабарлады.

Наразылар Джейкоб Блейкті атқан полицейді жазалауды талап етеді. Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, ол қазір ауруханада "хәл үстінде жатыр", қозғала алмайды.

Тергеу органдарының мәліметінше, полиция қызметкерлері көшедегі төбелестердің бірін тоқтатуға тырысқан кезде Блейк жараланған. Бірақ полицейдің қара нәсілді азаматты не үшін атқаны белгісіз. Полиция әзірге түсініктеме бермеді. Оқиғаға қатысы бар үш полицей әкімшілік демалысқа жіберілген.

Тәртіпсіздік республикашылдардың ұлттық съезімен тұспа-тұс келіп отыр. Трамп өзінің екінші мерзімге сайлау кампаниясының негізгі тақырыбын заң мен тәртіпке арнаған. Висконсин штаты Трамп үшін маңызды штаттардың бірі болып саналады. Трамптың сайлау кезіндегі қарсыласы, демократтар кандидаты Джо Байден бұған дейін Блейктің отбасымен сөйлесіп, "әділет болуы тиіс және оған қол жеткіземіз" деп айтқан.

Висконсинде полиция қара нәсілді адамды атқан соң наразылық күшейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:59 0:00

Үш ай бұрын Миннеаполисте 46 жастағы қара нәсілді тұрғын Джордж Флойд полиция қолынан қаза тапқаннан кейін АҚШ-та жүздеген қаласында нәсілшілдікке қарсы наразылық акциялары өткен еді. Шеру ауқымы кеңейіп, АҚШ президенті шерушілерге қарсы әскер күшін қолдануды қарастырды. Наразылар полиция қызметкерлері қара нәсілділері негізсіз алалайды деп санайды. Мұндай оқиғалар мұның алдында да болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG