Accessibility links

Венгрия 1 қыркүйектен бастап шекарасын жабады. Елде коронавирус қайта өршіді


Венгрия мен Австрия шекарасы. 20 наурыз 2020 жыл.
Венгрия мен Австрия шекарасы. 20 наурыз 2020 жыл.

Венгрия билігі коронавирусты жұқтырғандар қатарының артуына байланысты 1 қыркүйектен бастап ел шекарасын жабатынын мәлімдеді. Сол күннен бастап шетелдіктер ел территориясына кіре алмайды.

Маусым айында Еуроодақ елдері карантин шектеулерін жеңілдетіп, Шенген аймағына кіретін елдердің азаматтары үшін кіріп-шығуға рұқсат берген. Венгрия Еуроодақтағы шекарасын қайта жапқан алғашқы мемлекет болып отыр.

Осы жылдың наурызында Еуропада коронавирус жұқтырғандар саны күрт артып, Еуроодақтың көптеген елі шекарасын жапқан еді. Мұндай жағдай Шенген келісімі күшіне енгелі бірінші рет болды.

Маусымның соңына қарай шекаралар ашылды. Бірақ жекелеген елдер Еуроодақтың өзге мемлекетінен келгендерде не карантинге жатуды не коронавирус тестіне анализ тапсыруды талап етті. Шенген аймағының сыртқы шекарасы әлемнің көптеген елдері үшін сол күйі жабық қалды.

Кейінгі апталарда Еуропаның көптеген елінде коронавирус жұқтырғандар саны едәуір артқан. Италия, Испания және Ұлыбритания елдерінде тәулік сайын мыңнан астам адамнан коронавирус анықталып жатыр. Жұма күні Францияда жеті мыңнан астам адамнан коронавирус табылды. Бұл эпидемияның шарықтау шегі саналған 31 наурыздағы көрсеткішпен шамалас.

Бірқатар ел инфекцияның тарауымен күрес шараларын күшейтіп жатыр. Мысалы, осы аптада Парижде маска тағу міндеттелді. Алайда Еуроодақ елдерінің көбінде тәуліктегі өлім саны көктемдегі көрсеткіштен төмен. Ауруханаға жатқызылғандар саны да азырақ.

Соңғы мәліметтер бойынша, әлемде барлығы 24,6 миллион адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Оның алты миллионнан астамы АҚШ үлесінде. Вирус жұқтырғандардың ішінде 835 мың адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG