Accessibility links

СІМ Назарбаевқа "чемпион" мәртебесі берілді дейді, Factcheck.kz мұның өтірік екенін айтады


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі 27 тамыз күні елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион" мәртебесіне ие болды деп хабар таратты. Министрлік бұл мәртебе БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясында берілді деді. Factcheck.kz сайтының жазуынша, министрлік сессия жиынына қатысушылардың сөзін дұрыс түсінбеген, спикерлер ешқандай мәртебе туралы сөз қозғамаған.

Сыртқы істер министрілігінің хабарламасында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының (ЯСЖТШҰ) атқарушы хатшысы Лассина Зербо "Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құрудағы жаһандық күш-жігерге жетекшілік кезіндегі ерекше тарихи үлесін ескере отырып, Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа мәртебе беру туралы бастама көтерді" деп жазылған.

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының (ЯСЖТШҰ) атқарушы хатшысы Лассина Зербо.
Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының (ЯСЖТШҰ) атқарушы хатшысы Лассина Зербо.

Министрлік бұл мәртебені алған адамдарға арнайы міндеттер жүктеледі дейді.

"Бастамашылардың болжауынша, "Чемпиондар" ЯСЖТШ-ға қол қоймаған мемлекеттермен мақсатты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, олар ЯСЖТШ-пен ынтымақтастықтың артықшылықтары туралы түсініктерін жақсарту, сондай-ақ Қазақстанның ядролық инфрақұрылымын өз еркімен бөлшектеу секілді озық тәжірибелерімен бөліседі" делінген СІМ мәлімдемесінде.

СІМ "чемпион" мәртебесі Финляндияның бұрынғы президенті Тарья Халоненге берілді деп мәлімдеді.

Factcheck.kz сайтының жазуынша, шығыстанушы Жар Садыхан Лассин Зербоның мәлімдемесінде "чемпион" мәртебесі туралы сөз болмағанын бірінші болып аңғарған. Ақпараттың рас-өтірігін тексерумен айналысатын Factcheck.kz сайты Зербоның баяндамасын талдап, Садыханның күдігін растады.

Сайт Лассина Зербоның БҰҰ сессиясындағы баяндамасын тауып алып, ондағы Назарбаев туралы айтылған жерінен үзінді келтірген.

"I want thank you, to thank both Presidents — Nazarbayev… former President Nazarbayev and President Tarja Halonen for championing The Сomprehensive Nuclear Test Ban Treaty Group of Eminent Persons" делінген Зербо баяндамасында.

Factcheck.kz бұл сөйлемді былайша аударған:

"Мен сіздерге алғыс айтқым келеді, екі президентке – Назарбаев… бұрынғы президент Назарбаев пен президент Тарью Халоненге Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы Шарт бойынша көрнекті қайраткерлер тобына қолдауы үшін алғыс айтамын".

Сайттың мәлімдеуінше, Зербо баяндамасындағы "championing" сөзі "чемпион" емес, "қолдау", "қорғау" немесе "жақтау" мағынасын береді. Яғни атқарушы хатшы Назарбаевқа жай ғана қолдауы үшін алғыс білдірген.

"Хабар", "24.kz" және "Қазақстан" секілді мемлекеттік телеарналар мен ҚазАқпарат агенттігі, сондай-ақ билік партиясы "Нұр Отанның" газеті "Айқын" СІМ дерегіне сүйеніп, Назарбаев "чемпион мәртебесіне ие болды" деп хабар таратты.

Сыртқы істер министрлігі Factcheck зерттеуіне байланысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ, хабарлама министрлік сайтында әлі тұр.

Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда өз еркімен отставкаға кетті. Алайда президенттіктен кетсе де, билік партиясы "Нұр Отан" мен конституциялық күші бар Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билігін сақтап отыр.

"Чемпион" Назарбаевқа Нұр-Сұлтан әкімдігі пәтер сыйлай ма?

"Чемпион" Назарбаевқа Нұр-Сұлтан әкімдігі пәтер сыйлай ма?"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:08 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG