Accessibility links

Ресей антидопинг агенттігінің басшысы жұмыстан шығарылды. Ол шенеуніктерді сынаумен көзге түскен


Юрий Ганус.
Юрий Ганус.

Ресей антидопинг агенттігінің (РУСАДА) құрылтайшылары ұйым басшысы Юрий Ганусты жұмыстан шығару туралы шешім шығарды. Ганус осыған дейін елдегі допинг мәселесін ашық көтеріп, шенеуніктерді сынаумен көзге түскен. Дүниежүзілік антидопинг агенттігі (WADA) бұл жағдай РУСАДА туралы алаңдаушылықты күшейтті деді.

Ганусты жұмыстан шығару туралы шешім "бірауыздан" қабылданды деді Ресей Олимпиада комитетінің төрағасы Станислав Поздняков 28 тамыз күні баспасөз конференциясында.

Агенттік төрағасының міндетін атқарушы болып РУСАДА заңгері Михаил Буханов тағайындалды.

Ганустың жұмыстан шығарылуына Ресей Олимпиада комитетінің РУСАДА-ға аудит жүргізуі түрткі болған. Комитет аудит нәтижесін шілде айында жариялап, антидопинг агенттігін қаржы заңбұзушылығын жасады деп айыптады. Ганус заңбұзушылықтың болғанын мойындамады.

"Олар осыны (шешімді) жасағысы келді, жасады да. Жалпы міндеттер тұрғысынан бұл – қателік" деді ол Интерфакс агенттігіне.

Ганус та, РУСАДА менеджменті де аудиттің құпия жасалғанын, маңызды дәйектердің ескерусіз қалғанын айтады.

Ганус РУСАДА басшылығына 2017 жылдың қыркүйегінде жұмыс іздеу сайтындағы бос орынға өтініш беру арқылы келген. Оған дейін агенттік төрағасының орны жарты жыл бойы бос тұрған.

Менеджер агенттік басшылығына Ресей спорты қиындыққа тап болған кезде келді. Сочидегі Олимпиада ойындарынан кейін агенттік толық оқшауға түсіп, WADA-ның сәйкестік мәртебесінен айырылды. Яғни РУСАДА-ның тест нәтижелері халықаралық деңгейде мойындалмайтын болды.

2015 жылдың қарашасында РУСАДА Ресей спортшыларының допингке алған сынамаларының оң нәтижесін жасырды деп айыпталды. 2016 жылы қаңтарда АҚШ-қа қашып кеткен Григорий Родченков Сочи ойындары кезінде сынамалардың қалай ауыстырылғанын айтып берді. Осыдан кейін РУСАДА-ның екі топ қызметкері мезгілсіз қайтыс болды. Олар агенттіктің атқарушы директоры Никита Камаев және атқару комитетінің төрағасы Вячеслав Синев.

РУСАДА басшылығында Ганус Ресей спортындағы допинг мәселесін ашық көтерген.

"Бірден айтайын: мен оппозиционер емеспін. Мен мұнда спортымыз үшін күресіп, ұлттық мүдделерді қорғап жүрмін" деді ол Sports.ru сайтына берген сұхбатында. Ол допингті жаппай қолдануға жауапты шенеуніктерді "сатқын" деп атап, спорт министрі Павел Колобков пен Жеңіл атлетика федерациясының басшылығына қарсы шықты.

WADA Ганустың жұмыстан шығарылуынан кейін мәлемдеме жасап, РУСАДА-ның тәуелсіздігіне күдігі сейілмегенін айтты. Ұйымның айтуынша, антидопинг агенттігі ішкі ісіне араласудан ада болуы керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG