Accessibility links

Берлинде коронавирус шектеулеріне қарсы акцияға 38 мың адам қатысты


Берлиндегі коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеулерге қарсылық акциясы. 29 тамыз 2020 жыл.
Берлиндегі коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеулерге қарсылық акциясы. 29 тамыз 2020 жыл.

Сенбі, 29 тамыз күні Германия астанасы Берлинде коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеулерге қарсылық акциясына ондаған мың адам қатысты. Акция қатысушылары полиция тыйымына қарамастан қала орталығында шерулетті. Бұл туралы британиялық BBC хабарлады.

Бастапқыда полиция бұл акцияға мүлдем тыйым салмақ болған. Алайда 28 тамыз күні Берлин соты бұл тыйымның күшін жойды. Дегенмен сенбі күні полиция маска тақпағаны үшін және қашықтық ұстанбағаны үшін акция қатысушыларына шерулетуге жол бермеуге тырысты.

Құқық қорғау органдарының есептеуінше, акцияға 38 мың адам қатысқан.

Кей жерлерде шерушілер мен полиция қақтығысып қалған. Полиция Унтер-ден-Линден көшесінде орналасқан Ресей елшілігінің алдында ондаған шерушіні ұстап әкетті. Бұл туралы полицияның өзі хабарлады. Полицияның мәлімдеуінше, елшілік ғимаратына зақым келмеген.

Сенбінің кешінде полиция акцияның 200-ден астам қатысушысын ұстап әкеткенін хабарлады. Қақтығыс кезінде кемі 7 полицей жарақаттанған.

Ондаған шеруші Германия парламенті Бундестаг отыратын Рейхстаг ғимаратына басып кірмекші болды, бірақ полиция оған жол бермеді.

Шеруді ұйымдастырған Querdenken 711 бастамасы. Штутгарт қаласынан келген бұл бастама негізгі бостандықты қорғаумен айналысатынын айтады. Berliner Morgenpost газетінің мәліметінше, бастамаға құрамына көбіне қастандық теорияларының жақтастары, оңшыл экстремистер және жаңа коронавирустың барын жоққа шығарушылар кіреді.

Deutsche Welle басылымының тілшілері шерушілер арасында Ресей туын ұстағандардың болғанын, кейбіреулерінің Дональд Трамптан көмек сұрағанын, Донбастағы ресейшіл сепаратистердің және ЛГБТ туларын ұстағанын анықтады. Ең жиі кездескені – Германия империясының туы (1871–1918 жылдардағы Екінші рейх туы). Кей шерушілер "Путин" деп ұрандатқан.

Дәл осындай шеру 1 тамызда да болған. Оған 15 мыңға жуық адам қатысқан.

Бейсенбі, 27 тамыз күні канцлер Ангела Меркель Германияның бір аймақтан өзге барлық территориясында маска тағу міндеттелген жерде маска тақпағандарға 50 евро айыппұл салынатынын мәлімдеді. Жылдың аяғына дейін бұқаралық іс-шараларға тыйым салынған.

Джонс Хопкинс университетінің 30 тамыздағы дерегінше, эпидемия басталғалы Германияда барлығы 242 835 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Аурудан 9299 адам қайтыс болған, 213 200 адам жазылып шыққан.

Сенбі күні коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеулерге қарсылық шерулері Париж бен Лондон қалаларында да өтті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG