Accessibility links

Мәскеуде блогер әрі белсенді Егор Жуков соққыға жығылып, ауруханаға түсті


Ресейлік блогер, белсенді Егор Жуков.

Ресей үкіметін сынаумен танымал блогер әрі белсенді Егер Жуков Мәскеудегі үйінің маңында белгісіз екі адамның соққысына жығылып, ауруханаға түсті.

Белсендінің "Жуков командасы" деп аталатын саяси ұйымы Жуковқа жасалған шабуыл 30 тамыздың кешінде болғанын хабарлады. Белсенді оған дейін саяси қайраткер Максим Кацтың YouTube желісіндегі ток-шоуына қатысып, Беларусьтегі наразылық акциялары жөнінде пікір білдірген.

Ұйымның Facebook-те жариялаған суреттерінде Жуковтың көзі көгеріп, беті қанға боялғаны көрінеді.

Жуковтың әріптесі Евгений Овчаров "Эхо Москвы" радиосына белсендіні Мәскеудегі үйінің маңында кешкі сағат 10.00 шамасында ұрып кеткен.

31 тамыз күні Мәскеу полиция оқиға бойынша тергеу басталғанын хабарлады.

Ток-шоу кезінде Жуков Беларусьтегі наразылықты демократиялық өзгерістерге бейбіт жолмен жеткісі келетіндер үшін «хрестоматиялық үлгі» деп атады.

22 жастағы Жуков өткен жылдың желтоқсанында экстремизм бойынша айыпталып, үш жыл шартты жазаға кесілген. Жуковтың өзі және оның жақтастары бұл істе саяси астардың барын айтқан.

Жуковқа тағылған айып YouTube желісінде 2017 жылдың қазаны мен желтоқсанында жарияланған төрт видеоға негізделген. Белсендінің өзі жүктеген бұл видеоларда ол қарсылық шерулерін көрсетіп, наразылық қозғалысы мен Ресей саясаты туралы пікірін айтқан.

Жуков 2019 жылдың тамызында Мәскеудегі жергілікті сайлаудың әділ өтуін талап еткен наразылық акциялары тұсында қамауға алынған. Ол кезде митингіге қатысқаны үшін ондаған адамға айыппыл салынып, біршамасы қамауға алынған болатын.

4 желтоқсан күні соттағы соңғы сөзінде Жуков Ресей саяси жүйесін азаматтары үшін экономикалық теңсіздік орнатты деп қатаң сынға алды. Жуковтың мәлімдемесі бүкіл ел бойынша резонанс тудырып, оны Ресейдегі танымал адамдардың біріне айналдырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG