2 қыркүйекте Оралда бір топ тұрғын бұрын мектеп аумағы болған жерде студенттер жатақханасын салуға қарсылық білдіріп, пикет өткізді. Белсенділер аумақты білім беру мекемесіне қайтаруды талап етті. Ата-аналар мен жергілікті тұрғындар билікке үндеу жасап, қол жинады.
"Балаларға мектеп стадионын қайтаруды талап етеміз", "Әкім! А.Шыныбеков. Балаларды кім тонады!" деген жазуы бар плакат ұстаған наразылар мектеп ғимаратының маңына жиналды.
— Әкімдердің жемқорлыққа негізделген шешімдерінің күшін жойып, аумақты мектеп оқушыларына қайтаруды талап етеміз! Бұл нағыз жемқорлық, бұл балалар құқығын бұзу. Мемлекет балаларды қорғаудың орнына тонап жатыр, — деді наразылыққа қатысқан адамдардың бірі Бекболат Өтебеков.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мектеп жанындағы аумақ бұрын спорт алаңы болған. Қазір онда Батыс Қазақстан университетінің студенттеріне жатақхана салайын деп жатыр.
— Ол жерде арнайы қоршалған аумақ болған еді. Қыста әдейі сол жерге барып, мұз құйып, балалар коньки тепсін деп сырғанақ жасайтынбыз. Айналада шаңғы тебуге болатын. Жазда балалар футбол ойнайтын. Мұндағы балалардың бәрі сол жаққа баратын, себебі басқа ойнайтын жер жоқ. Қазір ол жерде шағын волейбол алаңын ғана қалдырып қойды, — дейді жергілікті тұрғын Дулат Жұмрахметов.
Наразы тұрғындар Батыс Қазақстан облысының әкімі мен Қазақстан президентіне мәлімдеме әзірлеп, қол жинады. Бұған дейін ата-аналар аумақтың не үшін университетке берілгенін анықтау үшін қала әкімдігіне, университет ректоратына барып шағымданған, бірақ жауап ала алмаған.
Ата-аналар мен жергілікті тұрғындар жатақхана салуға қарсы емеспіз дейді: тек оны мектеп ауласында емес, басқа жақта салу дұрыс деп санайды.
Орал қаласы әкімдігінің сәулет бөлімінің өкілі Азаттыққа 0,1942 га жер 2018 жылы 12 шілде күні қабылданған әкімдік қаулысына сәйкес оқу орнына үш жылға берілгенін айтты.
— Жердің мемлекеттік актісі бар. 2018 жылы 21 қарашада архитектуралық-жобалау тапсырмасы алынды, эскиз жобасы мақұлданған. Бұған қоса, сараптамадан өткен жұмыс жобасы бар, — деді архитектура бөлімінің жетекшісі Мирхан Бердіғалиев.
Құрылыс алаңында ілініп тұрған нысан құжатына сәйкес, бұрынғы спорт алаңында Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана салынып жатыр. Құрылыс 2021 жылдың мамыр айында аяқталуы тиіс.
ПІКІРЛЕР