Accessibility links

Министр Нұрымбетов зейнетақы қорындағы ақшаны алу тәртібі туралы айтты


Біржан Нұрымбетов.
Біржан Нұрымбетов.

3 қыркүйекте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2021 жылдан бастап Қазақстан азаматтары зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ала алады деп мәлімдеді. Ол үшін азаматтың зейнетақы есепшотындағы ақша көлемі "жеткілікті шектен" асуы тиіс.

"Жеткілікті шек деген бұл есепшотта қалуы тиіс қажетті ең төменгі сома. Оның есебі әркімнің жасына қарай белгіленеді. Бұл азамат зейнет жасына дейін тұрақты түрде жарналардың кемінде ең төменгі жалақы көлемін аударғанда зейнетке шыққаннан кейін кемінде 82 жасқа дейін ең төменгі зейнетақы мөлшерінде алуға мүмкіндік беретін сома. Азаматтың есепшотында сондай қаражат бар болса, одан асқанын азамат ала алады" деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің сөзіне қарағанда, алдын ала есептеу бойынша мысалы "30 жастағы азамат үшін жеткілікті шек - 2 млн 518 мың теңге". Қалған жастағы адамдар үшін жеткілікті шек мөлшері төмендегідей:

  • 30 жас – 2 млн 538 мың тг
  • 35 жас – 2 млн 961 мың тг
  • 40 жас – 3 млн 437 мың тг
  • 45 жас – 3 млн 947 мың тг
  • 50 жас – 4 млн 495 мың тг
  • 55 жас – 5 млн 84 мың тг
  • 59 жас және одан әрі қарай – 5 млн 586 мың тг.

Министрдің айтуынша, зейнетақы жинақтың бір бөлігін азаматтар өзі немесе туысының (ата-анасы, бауыры, әпкесі, сіңлісі, қарындасы т.б) баспана мәселесін жақсарту үшін, емдеуге немесе өзге қаржы қаржы компанияларына құю үшін пайдалана алады.

"Тұрғын үй мәселесі бойынша шектеулер көп емес: азаматтар жер учаскесін немесе жаңа үй немесе екінші нарықтағы үйлерді сатып ала алады. Ипотекалық несиесін қаржыландыруға немесе өзінің тұрғын үйін жөндеуге, кеңейту үшін қолдана алады. Бір ғана шектеу болуы мүмкін: осы қаржыға сатып алынған үйді 5 жыл ішінде қайта сатуға болмайды" деді Нұрымбетов.

Оның айтуынша, осыған орай "Тұрғынүйжинақбанкі" уәкілетті орган ретінде белгіленеді. Құжаттар мәселесін индустрия және инфрақұрылым министрлігі шешеді. Ал емдеу ережелерін денсаулық сақтау министрлігі белгілейді. Ведомство жанынан құрылатын комитет азаматқа қандай ем қажеттігін анықтап, қажетті клиникаға жібереді деді.

Нұрымбетовтің сөзіне қарағанда әзірге толық емес мәлімет бойынша, елде 700 мыңнан астам адам осындай мүмкіндікті қолдана алады.

Жылдың соңына дейін қажетті нормативтік құжаттар қабылдануы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG