Accessibility links

АҚШ Навальныйға у беруді айыптады, Песков "Кремльге шүйлігуге негіз жоқ" дейді


Алексей Навальный.
Алексей Навальный.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков диссидент Алексей Навальный үшін Ресей үкіметін айыптауға негіз жоқ деп санайды. "Оппозиционерге у беру кімге тиімді болды?" деген сұраққа нақты ештеңе айта алмайтынын жеткізді.

"Бұл біреуге тиімді болуы мүмкін деп санамаймын. Ресей үкіметін айыптауға еш негіз жоқ" деді ол 3 қыркүйекте.

Песков сөз арасында “Берлиндегі пациентке (Навальныйды меңзеп отыр) не болғанын анықтауға біз де мүдделіміз” деді.

2 қыркүйекте Германия билігі зертхана мамандарының дерегіне сүйене отырып, Берлиндегі ауруханада ес-түссіз жатқан Алексей Навальныйдың ағзасынан "Новичок" тобына кіретін химиялық улы зат табылды деп мәлімдеген еді. Бұдан кейін Германия канцлері Ангела Меркель Ресейден түсініктеме талап етіп, Канада, Франция, Ұлыбритания және өзге елдер "саясаткерге у беруді" айыптап, оқиғаны ашық зерттеуге шақырған.

Вашингтон Ресейде саясаткердің улануына кінәлілерді жауапкершілікке тартып, қастық әрекеттерін шектеу мәселесін әріптестерімен талқылайтынын жеткізді. Конгресс Трамп әкімшілігін Ресейге санкция салуға шақырды. НАТО да Ресей саясаткердің улану ісін толық әрі ашық зерттеуі тиіс деді.

АҚШ-тағы президент сайлауына демократтар атынан қатысатын Джо Байден "Кремль қарсыласының үнін өшіру үшін тағы да өзінің сүйікті қаруы - "Новичокқа" жүгінді" деп Ресей билігін айыптады. Ол қарсыласы Трампты үнсіздігі үшін сынады.

Арканзас штатынан сайланған республикашыл-сенатор Том Коттон Германияны ресейліктерді жауапкершілікке тарту үшін "Солтүстік ағыс - 2" құбыр құрылысын тоқтатуға шақырды.

Кремль сыншысы, Ресейдегі жемқорлықты зерттеп жүрген Алексей Навальный 20 тамызда Омбы қаласының ауруханасына ес-түссіз күйде түскен. Ресей дәрігерлері саясаткердің мұндай халге түсуінің себебін анықтай алмаған. Кейінірек туыстары мен жақтастарының өтініші бойынша саясаткер Берлиндегі "Шарите" ауруханасына ұшақпен жеткізілген.

Өткен аптада неміс дәрігерлері Навальный холинэстераз ингибиторымен уланған болуы мүмкін деп мәлімдеді. Ал Ресей билігі емдеу кезінде науқастың ағзасынан улы зат табылмағанын айтып, Германия дәрігерлері қолда бар мәліметтерімен бөліссін деген.

Саясаткердің баспасөз хатшысы Кира Ярмыш 2 қыркүйекте Twitter желісінде "Навальный әлі есін жимады, жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр. Жағдайы әлі ауыр" деп жазған.

Саясаткердің жақтастары Навальныйға у берген деп санайды. Олар бұған дейін биліктен оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғауды талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG