Accessibility links

Нұр-Сұлтандағы базар сатушылары жалдау ақысын талап еткен басшылыққа наразылық білдірді


Нұр-Сұлтандағы орталық базар әкімшілігіне наразы саудагерлер. 3 қыркүйек 2020 жыл.
Нұр-Сұлтандағы орталық базар әкімшілігіне наразы саудагерлер. 3 қыркүйек 2020 жыл.

Қазақстан астанасы - Нұр-Сұлтандағы орталық базардың ондаған сатушысы 3 және 4 қыркүйекте базар алдына жиналып, сауда мекемесі басшылығына наразылық білдірді. Жиналғандардың айтуынша, базар басшылығы сауда жасайтын орынның карантин кезіндегі коммуналдық қызмет ақысын, жалдау ақысын және алдағы екі айдың жалға алу ақысын төлеуді талап еткен.

Киім-кешек сатумен айналысатын сатушылар "базар басшылығының талабын орындаудан бас тартқан соң әкімшілік сауда орнында қалған тауарымызды бермей отыр" дейді.

Сатушылардың айтуынша, базар коронавирус инфекциясы тарауына байланысты наурыз, сәуір, мамыр айларында жабық болғандықтан, олар еш табыс таппаған. Ал басшылық сауда орнының әр шаршы метріне айына 990 теңгеден коммуналдық төлемді, сол кезеңнің жалдау ақысын және қыркүйек, қазан айларының жалдау ақысын алдын ала төлеуді талап етіп отыр. Наразы адамдар бұған мүмкіндігі жоғын, базардан кетейін десе, тауарларын әкете алмай отырғанын айтты.

Жиналғандардың айтуынша, саудагерлер әр тұрған орнына 500 мың теңгеге дейін жалдау ақысын төлейді. Сауда орны апталап жабық тұрғандықтан, сатушылардың көбі табысынан айырылған. Қазір де келуші аз, ал сауда қызатын сенбі-жексенбі күндері базар карантинге байланысты жабық тұрады.

Наразылық білдіргендердің айтуынша, коронавирус инфекциясы тараған жаз айлары өздері сияқты шағын және орта бизнес өкілдеріне өте ауыр тиген.

"Бізді неге ешкім ешқандай деңгейде қолдамайды? Бізге көз қырын салатын біреу бар ма? Біз әкімдерге де, басқа басшыларға да керек емеспіз. Өз күнімізді өзіміз көріп келеміз. Бізді алқымнан алып жатыр" деген сатушы Светлана Зубрева президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады.

Сауда орнына иелік ететін "Орталық базар" директоры Алексей Чуев журналистермен сөйлесуге шықпады. Есік алдындағы күзет қызметі ішке кіргізбеді. Ал базар сатушылары наразылық өткізген жерге келген Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Жаулыбаев бұл іске араласа алмайтынын айтып, жиналғандарға прокуратураға арыздануға кеңес берді.

Орталық базар сатушылары дәл осындай талаппен 14 мамырда да наразылық танытқан. Ол жолы да базар директоры жалға алу ақысын алдын ала төлеуді талап еткен. Сатушылар топ болып наразылық білдірген соң ғана басшылық райынан қайтқан.

Мұның алдында Қазақстан астанасындағы "Артем" базарының сатушылары да наразылық танытып, сауда орындарын ашып, жұмыс істеуге мүмкіндік беруді сұраған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында шағын және орта бизнеске мемлекеттік орган немесе квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік бойынша жалдау төлемін есептеуді тоқтата тұруды тапсырған. "Жағдай әлі де күрделі" екенін айтқан Тоқаев Ұлттық банктің "ауыр зардап шеккен салаларда" жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнеске арналған айналымдағы қаражатты толтыру жөніндегі арнайы бағдарламасының қолданыс мерзімін ұзартуды тапсырып, бұл мақсатқа қосымша 200 миллиард теңге қарастырған жөн деп мәлімдеген.

Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты Қазақстанда 2020 жылдың 16 наурыз – 11 мамыр аралығында төтенше жағдай жарияланып, көпшілік жиналатын орындар жабық тұрды. Карантин шаралары 5 шілдеде қайта жалғасты. Тамыздың ортасынан бастап карантин шектеулері жеңілдей бастады.

Президент Тоқаев осы аралықта зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне көмек көрсетілетіні жөнінде бірнеше рет мәлімдеме жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG