Accessibility links

Covid инфекциясы бір күнде 76 адамнан анықталды, төрт облыста науқас тіркелмеді


Медициналық маскасын қолында ұстаған қыз. Алматы, 21 шілде 2020 жыл.
Медициналық маскасын қолында ұстаған қыз. Алматы, 21 шілде 2020 жыл.

5 қыркүйек күні Қазақстанда 76 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталды. Вирус жұқтырған 45 адамда ауру белгілері болған, 31 адамда симптомдар байқалмаған. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Шығыс Қазақстан облысы (17), Алматы қаласы (10), Қарағанды облысы (8) және Нұр-Cұлтан қаласы (7) тәулік көрсеткіші бойынша көш бастады. Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында ешқандай науқас тіркелген жоқ.

Ресми дерек бойынша, коронавирус індеті келгелі Қазақстанда 106 301 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның 99 мыңы жазылып шыққан, 1618-і қайтыс болған. Бұдан бөлек коронавирустан жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам бар.

Аймақтар бойынша жағдай мынадай:

Алматы қаласында – 14272 (+10 адам жаңадан қосылды),
Нұр-Сұлтан қаласында -13886 (+7),
Атырау облысында – 10952 (+5),
Қарағанды облысында – 10142 (+8),
Шығыс Қазақстан облысында – 8279 (+17),
Батыс Қазақстан облысында – 6777 (+6),
Шымкент қаласында -5181 (+1),
Алматы облысында – 4905 (+2),
Жамбыл облысында – 4096 (+0),
Солтүстік Қазақстан облысында – 3981 (+5),
Павлодар облысында – 3854 (+5),
Қостанай облысында – 3431 (+3),
Ақмола облысында – 3418 (+3),
Түркістан облысында – 3339 (+4),
Маңғыстау облысында – 3334 (+0),
Қызылорда облысында -3231 (+0),
Ақтөбе облысында -3223 (+0).

Бұл тек ПТР тестімен расталған науқастардың дерегі. Бұдан бөлек зертханалық талдаумен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония дерегі де бар. Үкімет мұндай пневмонияның есебін 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. 1 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында коронавирус пневмониясы 27 200 адамнан анықталған. Оның ішінде 5874 адам жазылып шыққан, 310 адам қайтыс болған, қалғаны емделіп жатыр.

Қазақстанда үкіметтің ресми дерегіне күдік келтіретіндер көп. Мәселен, маусым және шілде айларында пневмония ауруы өршіп, жүздеген мың адам ауруға шалдықты. Жергілікті дәрігерлер аурудың бұлай өршуі мезгілсіз екенін, оның негізгі қоздырушысы коронавирус екенін айтып дабыл қақты. Бірақ денсаулық сақтау министрлігі тек ПТР тестіне сүйенетінін, ол тестің ешқандай инфекцияны анықтамағанын айтып, пневмония дерегін Covid статистикасына қосудан бас тартып келді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 2020 жылдың алғашқы жеті айында 256 мың адам пневмонияға шалдыққан. Бұл - өткен жылғыдан 3,3 жоғары көрсеткіш.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG