Accessibility links

Covid пен пневмония. Қайтыс болғандар саны 12 адамға артты


Коронавирус пандемиясы кезінде көшеде балалармен серуендеп жүрген әйел. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2020 жыл.
Коронавирус пандемиясы кезінде көшеде балалармен серуендеп жүрген әйел. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2020 жыл.

5 қыркүйек күні Қазақстанда 423 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Пневмонияның бұл түрінен тағы 3 адамның қайтыс болғаны белгілі болды. Сонымен қатар вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған Covid науқастары арасында 9 адам дүниеден озған.

Қазақстан коронавирус індеті келгелі Covid статистикасын тек ПТР тестінің нәтижесін сүйеніп жүргізіп келеді. Маусым және шілде айларында белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония ауруы өршіп кетіп, жағдай қатты ушыққанда ғана елдің денсаулық сақтау министрі коронавирус пневмониясын Covid статистикасына қосатынын айтты. Бірақ министрлік мұны бірден жасамай, аурудың тарауы басыла бастаған тамыз айынан бастады және бастапқыда уәде етілгендей статистиканы біріктіріп емес, екі бөлек жариялауға көшті. Яғни қазір 13 наурыздан бері жүргізіліп келе жатқан Covid есебі мен 1 тамыздан бері жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясының есебі бар.

13 наурыз бен 5 қыркүйек арасында Covid инфекциясын жұқтырғаны ПТР тестімен расталған 106 301 науқас тіркелген. Оның 99,5 мыңы аурудан жазылып шыққан, 1627-сі қайтыс болған. 24 тамыздағы дерек бойынша, коронавирус жұқтырып қайтыс болған 556 адамның өлімі Covid статистикасына кірмеген. Комиссия олар «ілеспе аурудан қайтыс» болды деген қорытынды шығарған.

1 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында 27 623 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Бұл адамдардың коронавирус инфекциясын жұқтырғаны ПТР тестімен расталмаған, сол себепті олар Covid жөніндегі ұлттық статистикаға кірмейді. Өкпе ауруына шалдыққан бұл науқастардың 5,9 мыңы жазылып шыққан, 313-і қайтыс болған.

Коронавирустың әлем елдері арасында тарауын картаға түсіріп отырған Джонс Хопкинс университеті Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, елде 106 мың адам Covid жұқтырған десе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Аурудың алдын-алу және бақылау жөніндегі Еуропа орталығы Covid пен коронавирус пневмониясы дерегін біріктіріп көрсетіп отыр. Яғни олардың пайымы бойынша, Қазақстанда коронавирус ауруына кемі 133 924 адам шалдыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG