Accessibility links

Нұр-Сұлтан іргесіндегі Қаражар ауылының тұрғындары электр жарығы мен интернет сапасына шағынды


Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қаражар ауылының тұрғыны Алма Боқышева ауылындағы проблемаларын айтып тұр. 5 қыркүйек 2020 жыл.
Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қаражар ауылының тұрғыны Алма Боқышева ауылындағы проблемаларын айтып тұр. 5 қыркүйек 2020 жыл.

Сенбі, 5 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласынан екі километр жердегі Қаражар ауылының тұрғындары әкімдік алдына жиналып, жарық, интернет және өзге де инфрақұрылым мәселелерін шешіп беруді талап етті.

Ауыл тұрғындары негізінен электр жарығына шағынды. Олардың сөзінше, әкімдік биыл көктемде ауылға трансформатор орнатқан, бірақ оны іске қоспаған. Сол себепті жергілікті халық электр энергиясын жекеменшік трансформатордан киловатына 27 теңге төлеп сатып алады. "Қуаты аз шағын жекеменшік трансформатор бүкіл ауылды қамтамасыз ете алмай отыр" дейді тұрғындар.

- Көктемде құрал-саймандар әкеліп трансформатор орнатты, бірақ оны іске қоспады. Ұры түсіп, ауыл адамдары ала жаздай кезек-кезек күзетіп шықты. Енді күн суытпай қоспаса, ұрлық қайта басталады. Оны қалпына келтіру тағы 5-10 жылға созылады, - дейді жергілікті тұрғындардың бірі Қарагөз Құсайынова.

Әкімдік алдына жиналғандар интернеттің жылдамдығының төмендігін де атап өтті. Коронавирус пандемиясы салдарынан балалары қашықтан оқуға мәжбүр болған қаражарлықтар интернеттің сапасын жақсартуды сұрайды.

Тұрғындар сондай-ақ жол сапасы мен қоғамдық көлік жұмысына да шағым айтты. Нұр-Сұлтанда жұмыс істейтін қаражарлықтар ауылдан қатынауды қиындығынан, қаладан пәтер жалдауға мәжбүр. Дегенмен ауыл халқы биліктен бірінші кезекте электр жарығы мәселесін шешіп беруді талап етіп отыр.

Қаражарлықтар кей тұрғындардың өз қолымен жүргізген электр желісі жел тұрғанда салбырап кетіп, оны кішкентай балалар әткеншек қылып теуіп жүретінін, мұның балалардың өміріне қауіпті екенін айтады.

Азаттық тілшісі жергілікті әкімдікпен де, аудан әкімдігімен де хабарласа алмады. Жиналған тұрғындарға билік өкілдері келмеді.

Қаражар тұрғындары ауылдың әлеуметтік жағдайын жыл сайын айтып келеді. Ақмола облысының Целиноград ауданындағы алты мың тұрғыны бар бұл ауылға ауыз су тек былтыр ғана тартылған.

Целиноград ауданы әкімдігінің сайтында 2019 жылы электр жүйесін тарту үшін бюджеттен 17 751 000 теңге жұмсалғаны жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG