Accessibility links

"Шаштан тартып, сүйреді". Беларусьте жексенбі күні митинг кезінде арнайы жасақ тағы да адамдарды ұстады


Минскідегі "Бірлік маршы". 6 қыркүйек 2020 жыл.
Минскідегі "Бірлік маршы". 6 қыркүйек 2020 жыл.

Жексенбі күні Минскіде президент Александр Лукашенкоға қарсы наразылық акциясы кезінде шамамен 200 адам ұсталды. "Весна" құқық қорғау ұйымы осындай мәлімет таратты.

Ұсталғандардың аты-жөні ұйымның сайтында жарияланды. Тізім толықтырылып жатыр. Беларусь ішкі істер министрлігі қарсылық шаралары кезінде кемінде 100 адамның ұсталғанын растаған. Ведомство толық мәліметті дүйсенбі күні жариялайды.

Құқық қорғаушылар мен ақпарат құралдары Гродно, Брест, Баранович, Могилев, Витебск қалаларында демонстранттардың ұсталғанын хабарлады. Мысалы, куәгерлер сөзіне сүйенген Tut.By сайты Грондныйда милицияның күш қолданып, азаматтарды ұстағанын жазды. "Шаштан тартып, сүйреп, ұрып-соқты, көзден жас ағызатын газ шашты" деген куәгерлердің бірі агенттікке.

"Интерфакстың" жазуынша, жексенбі күні Минскіде белсенділер мен күштік құрылым қызметкерлері Минск трактор зауытының маңында қақтығысып қалған, бірнеше адам дәрігер көмегіне жүгінген. Ұсталғандар арасында белсенділермен қатар журналистер де бар.

Жексенбі күні Минскіде милиция қызметкерлері мен әскери техника көп болған. Күндіз демонстранттар қаланың түрлі аудандарынан орталыққа қарай шеру жасап жүрген еді. Ал құқық қорғау орган өкілдері олардың жолын бөгеп, сол кезде ұстай бастаған.

6 қыркүйек күні қала төбесінен түсірілген видеоға қарағанда акцияға ондаған мың адам қатысқан. Кейбір мәлімет бойынша, Тәуелсіздік сарайына 100 мыңнан астам адам келген. "Жаңбырға қарамастан биліктің қысымы мен қудалауына қарамастан бұл жолы өткен жексенбіден қарағанда әлдеқайда көп адам келді, бұған қуанып тұрмын. Жеңіске жеткенше наразылық акциясы жалғаса беретініне сенімдімін" деді оппозиция жетекшілерінің бірі Мария Колесникова Азаттықтың Беларусь қызметіне.

Александр Лукашенкоға қарсы наразылық акциялары Беларусь астанасы мен өзге қалаларда бір айдан бері өтіп жатыр. Наразылар 9 тамызда өткен президент сайлауының қорытындысы бұрмаланды деп санайды. Наразылықтың алғашқы күндері арнайы жасақ демонстранттарды күшпен ұстап, көптеген азаматтар милицияның тергеу изоляторында өздерін ұрып-соққанын, намысына тиіп, дөрекілік көрсеткенін айтып шағымданған еді. Бұған дейін оппозиция жақтастары үйлестіру кеңесін құрған. Алайда елдің көп бөлігінде наразылық шаралары стихиялық сипатта өтіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG