Accessibility links

Алматы соты "Көше партиясына қатысы бар" деп күдікке ілінген екі белсендіні қамауда қалдырды


"Көше партиясына қатысы бар" деп күдікке ілінген белсенді Асхат Жексебаев.

Алматы қаласының апелляциялық соты 7 қыркүйекте белсенділер Асхат Жексебаев пен Абай Бегімбетовті қамаудан босату туралы өтінішті қанағаттандырмады. 23 тамызда Алматының тергеу соты "экстремистік ұйым" деп танылған "Көше партиясына қатысы бар" деп күдікке ілінген екі белсендіге қамау түріндегі бұлтартпас жазасын қолданған болатын. Дүйсенбі күні олардың сот отырыстары бөлек-бөлек өтті.

Сот отырысы кезінде адвокат Ғалым Нұрпейісов белсенділер айыпталып отырған 405-баптың ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") аса ауыр емес қылмыстар қатарына жатпайтынын айтып, мұндай бұлтартпас шарасы тұрақты мекенжайы жоқ шетел азаматтарына немесе елден кетпеу туралы шартты бұзған адамдарға қолданылатынын жеткізді. Ол Бегімбетов пен Жексебаевтың бұл топтарға жатпайтынын, оларға қамаудан басқа бұлтартпас шарасын қолдануды сұрады.

Ал прокурор апелляциялық соттан тергеу соты шығарған бұлтартпас шарасын өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Ол екі белсендінің тыйым салынған "Көше партиясын" қолдап, бұған дейін бірнеше рет наразылық шараларына қатысқанын, сол себепті "қылмысын жалғастыруы мүмкін" екенін алға тартты.

47 жастағы белсенді Асхат Жексебаев биылдың өзінде наразылық акциясына қатысқаны үшін бес рет әкімшілік қамауға алынған. Кейбір кезде оның қамау мерзімі бітпей жатып, оны қамау туралы басқа шешім шығып жататын.

47 жастағы Абай Бегімбетов те бұған дейін әкімшілік жазаға тартылды. 18 маусымда Алматыда "субботаж" шеруіне қатысқаны үшін оған ірі көлемде айыппұл салынған.

Мамыр айында сот "Көше партиясын" елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Қазақстан соты "экстремистік" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы наурыз айындағы қарарында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Оның жеткшісі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов ҚДТ туралы сот шешімінің саяси астары бар деп санайды. "Көше партиясы" мен ҚДТ қызметіне тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланбады. Бұл ұйымның жақтастары шешімнің саяси астары бар деп санайды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG