Accessibility links

"Жағдайымыз иттен де жаман". Нұр-Сұлтанда баспанаға мұқтаж әйелдердің бірі ғимараттан секірмек болды


Баспана мәселесін айтып күйзелген әйел ғимараттан секірмек болды. 9 қыркүйек 2020 жыл.
Баспана мәселесін айтып күйзелген әйел ғимараттан секірмек болды. 9 қыркүйек 2020 жыл.

Нұр-Сұлтан маңындағы иесіз иттерге арналып салынған екі қабатты питомникте наразылық жасап, сонда түнеп шыққан әйелдердің бірі сәрсенбі күні күндіз жоғарыдан секірмек болды. 53 жастағы Сәрсенгүл Әшірбекова немерелерімен бірге баспанасыз қаңғып жүргенін айтып, екі қабатты ғимараттың терезесінен аяғын шығарып, секіруге ниет танытты. Ал ғимарат сыртында тұрған әйелдер оны секірмеуге көндірмек болып, айқайлап, жұбатуға тырысты.

Терезеден секірмек болған Сәрсенгүл Әшірбекова.
Терезеден секірмек болған Сәрсенгүл Әшірбекова.

– Жалғыз үйімді әкімдік тартып алды. Осынша жасқа келгенде немереммен бірге тентіреп жүрмін, – деді Әшірбекова.

Оның қатты күйзеліп тұрғаны байқалды.

Бұған дейін ғимарат ішінде болған әйелдерді күзетшілер "сыртта ақпарат құралдары күтіп тұр" деп алдап, сыртқа шығарып, есікті кілтеп алған болатын. Әйелдердің айтуынша, ғимарат ішінде Адина Илипова есімді 29 жастағы аяғы ауыр әйел қалып қойған. Бес баланың анасы Адинаның жағдайы күрт нашарлап, әйелдер жедел жәрдем көлігін шақыртқан. Бірақ дәрігерлердің келгеніне бір сағаттан астам уақыт болса да, күзетшілер есікті ашпай тұр. Жарты сағат бұрын наразы төрт-бес әйел қосалқы баспалдақтар арқылы ішке кіріп, көтерілген болатын. Сәрсенгүл – солардың бірі.

Оқиға орнына полиция келді, бірақ олар тек бақылап қана тұрды.

Иесіз иттерге арналған орын алдында наразылық жасап тұрған әйелдер және жедел жәрдем көлігі. Нұр-Сұлтан, 9 қыркүйек 2020 жыл.
Иесіз иттерге арналған орын алдында наразылық жасап тұрған әйелдер және жедел жәрдем көлігі. Нұр-Сұлтан, 9 қыркүйек 2020 жыл.

Түстен кейін әйелдер ғимаратқа басып кіріп, соның арқасында дәрігерлер де ішке еніп, аяғы ауыр әйелдің жағдайын тексерді. Дәрігерлер оны ауруханаға апарып жатқызамыз дегенмен Адина Илипова келіскен жоқ. Әйелдер ғимараттан секірмек болған Сәрсенгүл Әшірбекованы да райынан қайтарды. Дәрігерлер оған тыныштандыратын укол салды.

8 қыркүйек кешке питомник алдына жиналған 50-60 шақты әйелдің басты талабы - баспана мәселесі. "Екі-үш жылдан бері баспана мәселесін айтып келеміз, әр жерде қаңғып жүрміз. Жағдайымыз иттен де жаман. Иттердің де паналайтын жері бар, мемлекет біздің баспана мәселемізді шешіп берсін" дейді әйелдер. Олар мемлекеттен 2 пайыздық үстемақымен несиеге баспана немесе бес жылға дейін жалға алуға болатын үй берсін дейді.

Олардың сөзіне қарағанда сейсенбі күні кешкісін әйелдер питомникте түнеп шыққан. Күзетшілер жарықты сөндіріп, есікті бекітіп кетіп қалған.

Баспана сұрап, әлеуметтік салаға назар аударуды сұраған көп балалы және жалғызбасты әйелдер наразылығы былтырғы жылдан бері жалғасып келеді. Маусым айында әлеуметтік мәселелерді шешуді талап етіп, министрлік алдында түнеп шықан әйелдерді полиция күшпен алып кеткен еді. Олардың кейбіріне айыппұл салынған.

Бұған дейін индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі 2020 жылы республика бойынша 10 мыңнан астам көп балалы отбасыны баспанамен қамтамасыз ететінін айтқан. Билік өкілдері "баспана мәселесі бір күнде шешілмейді, шама-шарқынша көмектесіп жатырмыз" дейді.

Дегенмен "Мемлекет беретін баспананы оған шын мұқтаж отбасылар ала алмайды. Баспанаға кезекке тұру өте қиын" деп есептейтін отбасылар бар.

Қарай отырыңыз: Министрлікте түнеген әйелдер "Билік бізді алдады" дейді. (11 маусым 2020 жыл).

Министрлікте түнеген әйел: Билік бізді алдады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:59 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG