Accessibility links

Құқық қорғаушы Семенованы сотқа берген Тараздағы тергеу изоляторының шағымы қаралып жатыр


Құқық қорғаушы Елена Семенова.
Құқық қорғаушы Елена Семенова.

10 қыркүйекте Павлодар сотында Тараздағы ЖД-158/1 қауіпсіздік деңгейі аралас мекемесінің құқық қорғаушы Елена Семенова мен тұтқын Кәрім Бабаевтың үстінен түсірген шағымы бойынша сот өтуі тиіс болған. Бірақ 26 тамыздағыдай бұл жолы да сот отырысы кейінге шегерілді. Оған шағым берушінің тұтқын Бабаевты сотқа әкеле алмауы себеп болды.

Бұл іс бойынша алдын ала тыңдау 18 тамызда өткен. Тергеу изоляторы тұтқындардың құқығын қорғаумен танымал болған Елена Семенованың 13 мамырда Facebook-та жариялаған жазбасын "шындыққа сәйкес келмейді" деп танып, жазба "шағым түсірушінің ар-намысы мен беделіне нұқсан келтірді" деп тануды және жоққа шығаруды талап етіп отыр.

Елена Семенованың Facebook жазбасында Тараздағы тергеу изоляторы қызметкерлерінің ақша берсе, тұтқындарға ерекше жағдай жасайтыны жөнінде айтылған. Жазбаға видео да тіркелген. Онда 25 жастағы тұтқын Бабаев екі сотталушының көзінше смартфонды өзіне мекеме басшысы бергенін айтады. Ізінше жемқорлық фактісі бойынша қылмыстық іс ашылып, Бабаев тергеу органдарына берген жауабында Жамбыл облысының қылмыстық атқару жүйесі департаменті қызметкерлері ақшалай сыйақыға телефон берді деп айтқан.

Тергеу изоляторының өкілдері сотқа түсірген шағымда "жемқорлық фактісі расталмады, қылмыстық іс жабылды" деп жазған. Олар Семенова жариялаған "ақпарат жалған" дейді. Бұған қоса, жазбадағы ақпарат "қоғамда изолятор жайлы теріс пікір қалыптастырды" деп санайтынын да жеткізген.

Шағымда сонымен бірге Бабаевтың қазір Тараздағы тергеу изоляторында емес, қатаң режимдегі колонияда (осы қаладағы ЖД-158/4 қауіпсіздігі жоғары мекеме) жазасын өтеп жатқаны жазылған. 10 қыркүйек күні онлайн режимінде өткен сотта шағым беруші Бабаевты ЖД-158/4 түрмесінен таба алмағанын айтты. Ал Елена Семенова Бабаевтың Алматыдағы тергеу изоляторында екенін жеткізді. Судья Бабаев қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жүйесіне қарасты мекемелерде жазасын өтеп жатқандықтан оны келесі сот отырысына әкелуді міндеттеді.

Биыл елдегі бірнеше колония әкімшілігі құқық қорғаушы Семенованың үстінен дәл осыған ұқсас шағым түсірген. Кейбір шағымдар бойынша сотта судья жазалау мекемелерінің өтінішін қанағаттандырған.

Былтыр қаңтарда Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Семеноваға шүйлігуді тоқтатуға, оның сотталғандардың құқығын қорғау ісіне кедергі келтірмеуге шақырған.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің әлемдегі адам құқықтары мәселелері жөніндегі биыл жарияланған есебінде Қазақстанда қамаудағылардың құқықтары шектелетіні оларға қатыгездікпен қарайтыны айтылған.


  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG