Беларусь оппозициясының жетекшілері Светлана Тихановская, Мария Колесникова және Вероника Цепкало Еуропа парламентінің Сахаров сыйлығына ұсынылды.
Еуропа парламентінде ірілігі жағынан екінші орында тұрған социал-демократтар тобы жариялаған баспасөз баяндамасында "биыл Сахаров сыйлығы өз еліндегі еркіндік пен демократия үшін күресіп жүрген Беларусьтің батыл әйелдеріне берілуі тиіс деп санаймыз. Автократ диктатор Александр Лукашенконы орнынан кетіруге тырысқан оппозицияның жаппай наразылық шарасына жетекшілік еткен үш әйел ерекше жігер беріп отыр" делінген.
Еуропарламенттегі өзге топтар осы апта соңында немесе келесі апта басында өз кандидаттарын ұсынбақ. Алайда Брюссельдегі ақпарат көзі Азат Еуропа/Азаттық радиосына саяси топтардың басым бөлігі социал-демократтардың ұсынысын қолдауға ниет білдіріп отыр деді.
Кандидаттар 17 қыркүйекке дейін ұсынылады. Лауреаттың есімі 22 қазанда белгілі болады.
Сахаров сыйлығын Еуропа парламенті 1988 жылы тағайындаған. Сыйлық адам құқықтары мен оның негізгі еркіндіктерін қорғауға ерекше үлес қосқандарға беріледі. Былтыр сыйлық Қытайдағы ұйғырлардың құқығын қорғаумен айналысқан, қазір сол жақта түрмеде отырған құқық қорғаушы Ильхам Тохтыға берілген.
2004 жылы бұл сыйлықты – Беларусь журналистер қауымдастығы, 2006 жылы Беларусьтегі президент сайлауына қатысқан Александр Милинкиевич алған.
ПІКІРЛЕР