Accessibility links

Қазақстанда өткен тәулікте жетпіске жуық адамнан коронавирус анықталған


Автобус аялдамасында отырған адам. Алматы, 11 қыркүйек 2020 жыл.

11 қыркүйекте ПТР-тест қорытындысы бойынша 68 адамнан коронавирус белгісі анықталды деп хабарлады сенбі күні Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі.

Оның ішінде 18 жағдай Шығыс Қазақстан облысында тіркелген.

Алматы қаласында сегіз жағдай, Алматы және Қарағанды облыстарында – жетіден, Атырау облысында – алты жағдай тіркелген. Қалған облыстардағы көрсеткіш беске жетпейді. Нұр-Сұлтанда үш адамға коронавирус жұққаны анықталған.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстан бойынша Covid-19 жұқтырғандар 106 729 адамға жетті. Алайда бұған коронавирус инфекциясы болуы ықтимал жағдай – Covid-19 ауруына ұқсайтын, бірақ ПТР-тест қорытындысы коронавирус белгісін таба алмаған пневмониямен ауырғандарды қоспаған. Елде осындай пневмония жаз басталғалы өршіп кеткен еді. Бірақ денсаулық сақтау министрлігі ондай пневмонияға шалдыққан және содан қайтыс болғандардың есебін 1 тамыздан бастап қана жүргізіп келеді. Кейінгі 41 тәулікте елде «коронавирусқа ұқсас» пневмониямен ауырған 29 928 науқас тіркелген, 318 адам қайтыс болды. Министрлік 11 қыркүйекте тіркелген пневмония статистикасы әлі жариялаған жоқ.

Қазақстанда кейінгі бірнеше аптада коронавирус жұқтырғаны анықталғандар азайып келеді. Тамыздың ортасында тәулігіне бірнеше жүз адамнан коронавирус анықталатын, қыркүйекте ондайлардың саны жүзге жетпейді. Алайда пневмония көрсеткіші өсіп барады – тәулігіне бірнеше жүз науқас тіркеледі.

Қазақстанда ресми статистикасына күмән келтіретіндер аз емес. Олар ПТР-тест аймақтардың барлығын қамтымайтынын, маусым мен шілдеде ауруханалар науқасқа лық толып, бос орын болмағандықтан, аурудың жеңіл және орташа түріне шалдыққандардың көбі дәрігерге бармай, үйінде емделгенін айтады.

АҚШ-тың Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, қазірге дейін әлемде Covid-19 коронавирусы 28,3 миллион адамға жұққан. 19 миллион адам дерттен айығып, 913 мың адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG