Accessibility links

Хабаровскіде жұрт экс-губернатор Фургалды қолдау шеруіне тағы шықты


Хабаровск өлкесінің бұрынғы басшысы Сергей Фургалды қолдау шеруіне қатысушылар. Хабаровск, 12 қыркүйек 2020 жыл.
Хабаровск өлкесінің бұрынғы басшысы Сергей Фургалды қолдау шеруіне қатысушылар. Хабаровск, 12 қыркүйек 2020 жыл.

Ресейдің Хабаровск қаласында 12 қыркүйекте аймақтың бұрынғы басшысы Сергей Фургалды қолдау акциясы өтті деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі. Фургал "15 жыл бұрын кәсіпкерді тапсырыспен өлтіруді ұйымдастарған" деген айыппен қазір Мәскеуде қамауда отыр.

Жергілікті басылымдар сенбідегі шеруге екі мыңға жуық адам қатысты деп хабарлады. Қала билігі акцияға шыққандар саны 700-ден көп емес дейді. Наразылық шеруіне шыққандар Фургалдың ісі Хабаровск аймағында "алқабилер сотында әділ қаралсын" деп бұрынғы талаптарын тағы қайталады. Акция жергілікті биліктің оны ұйымдастырушыларға рұқсат беруден бас тартқанына қарамастан өтті.

Қала билігі 11 шілдеден бері наразылық акциялары барысында 4131 әкімшілік құқық бұзу фактісі тіркеліп, 178 әкімшілік хаттама толтырылғанын хабарлады. Сотта 160 іс қаралып, 23 адам тұтқындалған.

12 қыркүйекте өткен наразылық акциясына қатысушылар жергілікті билікке сенбейтінін мәлімдеді. Олардың қолында "Менің таңдауым – Фургал", "Фургалға бостандық!", "МЕН/БІЗ Сергей Фургал!" деген жазу болды. Демонстранттар шеру тартып жүріп өткен көшелерде автокөлік қозғалысы тоқтады. Бірақ бүгінгі акция барысында полиция ешкімді ұстаған жоқ.

Ресейдің Хабаровск өлкесінің губернаторы Сергей Фургал биыл 9 шілде күні қамауға алынған. Одан бөлек тағы төрт адам тұтқындалған. Тергеу комитеті бұлардың кәсіпкерлер Евгений Зоря мен Олег Булатовты өлтіруге, ал 2004 жылы бизнесмен Александр Смольскийге жасалған қастандыққа қатысы бар деп санайды.

Фургал қамауға алынғаннан кейін Хабаровск өлкесі мен өзге де аймақтарда жаппай наразылық митингілері мен пикеттер басталған. 20 шілде күні Мәскеу Михаил Дегтяревті Хабаровск өлкесі басшысының міндетін уақытша атқарушы етіп тағайындағаннан кейін демонстранттардың бұрынғы талаптарына Ресей президенті Владимир Путин отставкаға кетсін деген талап қосылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG