Accessibility links

Дохада ауған бейбіт келіссөзі басталды


Ауғанстанда бейбітшілік орнату туралы келіссөзге қатысушылар. Доха, Қатар, 12 қыркүйек 2020 жыл.
Ауғанстанда бейбітшілік орнату туралы келіссөзге қатысушылар. Доха, Қатар, 12 қыркүйек 2020 жыл.

12 қыркүйекте Қатар астанасы Доха қаласында Ауғанстан үкіметінің шенеуніктері, "Талибан" қозғалысының өкілдері және АҚШ ресми тұлғаларының қатысуымен Ауғанстанда бейбітшілік орнату мақсатын көздейтін келіссөз басталды.

Осыдан 19 жыл бұрын, 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-қа қарсы жасалған террорлық шабуылдан соң Вашингтон Ауғанстанға әскер кіргізіп, содан бері қарулы қақтығыстар мен шабуылдар салдарынан ондаған мың адам мерт болды. Соғыс Ауғанстанды титықтатып жіберді.

Жиынның ашылуында сөйлеген Қатардың сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Әбдел Рахман әл-Тани тараптар "жеңімпаз бен жеңілуші болмайды деген принциптің негізінде келісімге келу арқылы... қазіргі қауіп-қатерге жауап беретін, бөлінудің кез-келген түрін еңсеретін түйінді шешім қабылдауы тиіс" деп мәлімдеді.

"Бүгінгі күн еліміздің тарихында соғыс пен халқымыздың қайғы-бейнеті аяқталған күн болып қалады деп сеніммен айта аламын", – деді осы келіссөзде Ауғанстан үкіметінің делегациясын басқаратын, елдің бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла.

Келіссөздің ашылуы рәсімінен кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео кездесудің басталуы "айтулы оқиға" болды деді. Ол "Талибан" қозғалысы өзіне бағынышты аумақта террорлық элементтерді қабылдамау туралы міндеттеме алды деп мәлімдеді. "Талибан" өкілдігі орналасқан Катардағы бейбіт келіссөзге Вашингтон арағайын ретінде қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG