Accessibility links

Минскіде сайлау қорытындысына қарсылық танытып, әйелдер шеруіне қатысқандарды ұстады


Минскідегі әйелдер шеруі. 12 қыркүйек 2020 жыл.
Минскідегі әйелдер шеруі. 12 қыркүйек 2020 жыл.

12 қыркүйекте Минскіде президент сайлауы қорытындысына қарсылық танытып, қамаудағы белсенділерді қолдаған әйелдер шеруіне қатысқандар ұсталды.

Акцияға қатысушылар сенбі күні қала ортасындағы Еркіндік алаңында жиналған еді. Олардың кейбірі милициядан зардап шеккен адамдардың суретін ұстап тұрды.

Жергілікті уақыт бойынша сағат 15.00-те олар бір қатарға тізіліп тұрып, шапалақтай бастаған. Милиция шараның заңсыз екенін айтып ескерткен. Акция басталғаннан кейін милиция оларды ұстай бастады. Әйелдер белсенділер қамалған автозак жүретін жолды бөгеуге тырысты.

Акция басталғаннан кейін шамамен 20 минуттан соң Еркіндік алаңында ешкім қалмады. Алайда көп ұзамай ол аумаққа әйелдер тағы жиналып, екінші шеру өткізді. Оған қатысушылар Немига көшесіне қарай жүрді. Олардың көбі қазан мен таба ұстап алып жүрді.

Куәгерлер оқиғадан тікелей эфирде хабар таратқан "Белсат" телеарнасы тілшілерінің ұсталғанын хабарлады.

Сенбі күні Беларусьте футболдан бірінші және жоғарғы лига футболшылары және ұлттық құрама спортшылары милицияның наразылыққа қатысқандарды күшпен ұстау әрекетін айыптап, видеомәлімдеме жасады.

"[Күштік құрылымдардан] Құқай көріп, ар-намысы қорланған, ауясыз соққыға жығылған және жарақаттанған адамдарға қолдау білдіргіміз келеді. Күш қолданбауға шақырамыз" деді спортшылар.

Беларусьте президент сайлауы өткен 9 тамыздан бері мыңдаған адам қатысқан наразылық шаралары өтіп келеді. Олар президент сайлауының қорытындысы бұрмаланғанын айтып, жаңа сайлау өткізуді талап етіп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, наразылық шараларында кемінде 7,5 мың адам ұсталған, 800-ден астам адам зардап шеккен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG