Accessibility links

Алматыда "Демпартияның" рұқсат етілген митингісі өтіп жатыр, аумақты полиция күзетіп тұр


Алматыдағы рұқсат етілген митинг. 13 қыркүйек 2020 жыл.
Алматыдағы рұқсат етілген митинг. 13 қыркүйек 2020 жыл.

13 қыркүйекте Алматыда күндізгі сағат 11 шамасында Шоқан Уәлиханов алаңында "Демократиялық партия" құрғысы келетін топ өкілдері рұқсат етілген митингісін бастады. Оған шамамен ондаған адам қатысып жатыр.

Шевченко көшесі Қонаев пен Пушкин жақтан қоршалған. Полиция мен медицина қызметкерлері аумақты күзетіп, қоршаудан өткісі келетін адамдардың дене қызуын тексеріп жатыр. Митинг өтетін жерде қатты музыка қойып қойған.

Тікелей эфирді көріңіз:

Митингіге келгендердің кейбірі "Тоқаев саяси реформа туралы уәдең қайда?", "Арон Атабек пен Макс Боқаевқа бостандық!", "Чжан Сяо Қазақстаннан кет!", "Қытай экспансиясына жол жоқ", "Несие кешірілсін!" деген жазуы бар плакат ұстап алған. Жиынға қатысқандардың кейбірі "белсенділердің жазықтан-жазықсыз ұсталып, қамалып жатқанын айтып" қудалауды тоқтатуды талап етті. Кейбір азаматтар "жер шетелдіктерге сатылмасын" деп айқайлады.

Митинг өтетін аумақта жаңа заңға сәйкес, баспасөз орталығы да орналасқан. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жаңа заңға сәйкес егер шараға келушілер 200-250-ден асса, әкімдік баспасөз орталығын ұйымдастыруға міндетті. Әзірге шараға келушілер жүзден аспаған.

Бірнеше күн бұрын жергілікті әкімдік қытай экспансиясын тежеп, несие амнистиясын талап ететін шараны өткізуге рұқсат берген еді. Алайда атқару органы ұйымдастырушыларына "митинг тақырыбынан ауықтымауға, санитарлық талаптарды сақтауды" ескерткен. Олар "қоғам қауіпсіздігіне қауіп төнсе шараны тоқтатынын" айтқан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Алматыдан бөлек, Қарағанды, Семей және Ақтөбеде митинг өткізуге рұқсат етілген.

Бұған дейін саясаткер Жанболат Мамай бастаған Демократиялық партия құруды көздейтін топ өкілдері 13 қыркүйекте митинг өткізетінін хабарлаған. Топ өкілдері жердің шетелдіктерге сатылмауын, несие амнистиясын жариялап, саяси тұтқындарды босатуды талап ететінін айтқан. Бұған қоса, митинг тақырыптарының арасында қытай экспансиясына қарсылық та бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG