Accessibility links

Минскіде оппозиция шеруіне 100 мыңнан астам адам қатысты


Минскідегі оппозиция шеруі. 13 қыркүйек 2020 жыл.

Минскіде жексенбі күнгі наразылық акциясына түрлі есеп бойынша 100-150 мыңнан астам адам қатысқан.

Оппозиция "батырлар маршы" деп атаған шараға қатысушылар сап түзеп шыққан. Олар 9 тамыздан бері отставкасын талап етіп жатқан президент Александр Лукашенко айналасындағы шенеуніктер тұратын коттедж қалашығына қарай жылжыған. Алайда олардың жолын арнайы жасақ бөгеген.

Onliner сайтының жазуынша, арнайы жасақ ауаға оқ атқан, алайда ІІМ мұны жоққа шығарады. Осыдан кейін наразылардың бір бөлігі милиция қоршауынан алыстап, Тәуелсіздік сарайы – Лукашенко резиденциясына қарай жүрген.

Куәгерлер адамдардың ұсталғанын айтады. Акция басталмай тұрып та бетін тұмшалаған қолында қаруы мен резеңке таяғы бар белгісіз біреулер наразылыққа келгендерді автозакқа сүйреп апарып, отырғызған. Жүздеген адамның ұсталғаны туралы ақпарат бар.

Минск орталығына әскери техника, әскери жүк көліктері кіргізілгені де хабарланды. Метроның сегіз станциясы жабылған. Бірнеше жерде әдеттегідей мобильді интернет өшірілген.

Наразылық акциясы Минскіден бөлек Брест, Гродно, Могилев, Гомельде де өткен. Брестте милиция демонстранттарға су шашқан.

Жодино қаласында милиция майоры наразылыққа келген бір әйелдің бетінен ұрған. Осыдан соң айқай-шу, жанжал басталған.

Александр Лукашенкоға қарсы наразылық акциялары Беларусь астанасы мен өзге қалаларда бір айдан астам уақыттан бері өтіп жатыр. Наразылар 9 тамызда өткен президент сайлауының қорытындысы бұрмаланды деп санайды. Олар жаңадан сайлау өткізуді талап етіп отыр. Наразылықтың алғашқы күндері арнайы жасақ демонстранттарды күшпен ұстап, көптеген азаматтар милицияның тергеу изоляторында өздерін ұрып-соққанын, намысына тиіп, дөрекілік көрсеткенін айтып шағымданған еді.

14 қыркүйекте Лукашенко Сочиде Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі. Олар Беларусьте наразылық басталған уақыттан бері алғаш рет бетпе-бет кездесейін деп отыр. Батыс елдері сайлау қорытындысын мойындамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG