Accessibility links

Ақтөбеде құқық қорғаушылар билік қысымына шағымданып, акция өткізді


Құқық қорғаушылар Әлима Әбдірова (оң жақта) және Ольга Климонова Ақтөбе орталығында акция өткізіп тұр. 14 қыркүйек 2020 жыл.

14 қыркүйек күні құқық қорғаушылар Әлима Әбдірова мен Ольга Климонова Ақтөбедегі қала әкімдігі ғимаратының алдына барып, наразылық акциясын өткізді. Наразылық білдірушілер «билік құқық қорғаушылар мен олардың отбасы мүшелеріне жүйелі түрде қысым жасайды» деп санайды.

Акция өткізіп тұрған Әлима Әбдіроваға ескерту жасап жатқан полиция қызметкері. Ақтөбе, 14 қыркүйек 2020 жыл.
Акция өткізіп тұрған Әлима Әбдіроваға ескерту жасап жатқан полиция қызметкері. Ақтөбе, 14 қыркүйек 2020 жыл.

– Соттан көз ашпай келе жатқанымызға бес жыл болды. Билік өзімізді қойып, бала-шағамызға қысым жасай бастады. Жуырда қызым мен күйеу балама жала жабылып, үстерінен әкімшілік іс қозғалды. Ольга Климинованың үлкен ұлын көшеде біреулер сабап кетті. Полицияға шағымданып, түк өндіре алмадық, - дейді құқық қорғаушы Әлима Әбдірова.

Құқық қорғаушы Ольга Климонованың айтуынша, үстінен іс қозғалғаннан кейін пәтері мен көлігіне арест қойылған. Жұмыссыз қалған Климонова кәмілетке толмаған төрт баласын асырай алмай, қиналып жүргенін айтады.

Әбдірова мен Климонова істі болуы мен туыстарының басындағы жағдайды кәсіби қызметімен байланыстырып отыр.

– Біз заңды пикет өткізу үшін қала әкімдігінен рұқсат сұрадық. Бірақ қала әкімі Шахаров рұқсат бермеді. Әкімдіктің маған жолдаған жауабында неліктен рұқсат бермегенін ашып жазбаған, – дейді Әлима Әбдірова.

Наразылық акциясы бір сағатқа созылды. Осы аралықта он шақты полиция қызметкері жиналып, наразыларды видеоға түсірді. «Әрекеттеріңіз заңсыз. Тараңыздар!» деп ескерту жасады. Наразылар үйлеріне тарағанға дейін сырттай бақылап тұрды.

Қазақстанда құқық қорғаушыларға қысым көрсету фактілері бұған дейін де болған. Осыған дейін халықаралық жиындарда Батыс елдері Қазақстан билігінен құқық қорғаушыларды, белсенділерді, журналистерді қудалауды тоқтатуға шақырған.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG