Accessibility links

"Індет жайлы ескертпеді" деп сыналған Қырғызстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі ұсталды


Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Космосбек Чолпонбаев.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Космосбек Чолпонбаев.

15 қыркүйекте "қызметтік өкілетін асыра пайдаланды" және "міндетіне немқұрайлық танытты" деген күдікпен Қырғызстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Космосбек Чолпонбаев ұсталды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Қырғызстан экономикалық қылмыспен күрес жөніндегі мемлекеттік қызметтің ақпарат құралдарына таратқан хабарламасында ұсталған бұрынғы шенеуніктің аты-жөні толық көрсетілмеген: тек "К.Ч" деп жазылған. Космосбек Чолпонбаев - денсаулық сақтау министрлігін басқарған аты-жөні К.Ч. әріптерінен басталатын жалғыз адам.

"Денсаулық сақтау министрлігін басқарған тұлғалар қызметтік өкілетін асыра пайдаланып, консультациялық қызмет көрсету бойынша тиімсіз келісім-шарт жасаған, соның кесірінен мемлекет бюджетіне шамамен 9 млн сом көлемінде (шамамен 113 мың доллар) шығын келген" делінген қаржы полициясының хабарламасында.

Іс жөнінде басқа ақпарат айтылмаған.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрінің ұлы Эркин Чолпонбаев әкесінің ұсталғанын растады. Оның сөзіне қарағанда, бұл жөнінде Чолпанбаевтың отбасына ресми түрде хабарланбаған.

Шілде айында Космосбек Чолпонбаев экономикалық қылмыспен күрес жөніндегі мемлекеттік қызметке шақыртылған еді. Ол кезде ведомство елде коронавируспен күрес шараларының тиімділігін тексеріп жатқан болатын.

31 наурызда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында президент Сооронбай Жээнбеков коронавируспен күрес штабы мен денсаулық сақтау министрлігін індет жайлы қоғамға қажетті дәрежеде ескерпеді деп айыптаған. Осыдан соң Қауіпсіздік кеңесінің ұсынысымен денсаулық сақтау министрі Космосбек Чолпонбаев пен вице-премьер Алтынай Омурбекова қызметінен кеткен болатын.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG