Accessibility links

АҚШ комиссиясы Ресей мен Орталық Азиядағы дін еркіндігіне байланысты тыңдау өткізеді


Қырым-татар мұсылмандары.
Қырым-татар мұсылмандары.

Халықаралық дін еркіндігі жөніндегі АҚШ комиссиясы (The U.S. Commission on International Religious Freedom) 16 қыркүйекте Ресей мен Орталық Азиядағы жағдайы алаңдарлық дін еркіндігі мәселесіне байланысты виртуалды тыңдау өткізеді.

Штаб-пәтері Вашингтонда шоғырланған комиссияның мәліметінше, 1990 жылдың соңынан бері Ресей мен Орталық Азия елдері совет кезіндегі тәжірибелеріне сүйеніп, дін туралы репрессивті заң қабылдап, дін еркіндігі құқығын бұзып келеді.

"Ресми орындар құлшылық ететін орындарға камера орнатып, қауымдастық мүшелері туралы жеке ақпаратты енгізетін ресми дерек қорын ашып, діни амалдарды қатаң бақылап, реттеп отыр" делінген комиссияның тыңдау жайлы таратқан хабарламасында.

Конгрестегі екі партия өкілдерінен құралған тәуелсіз комиссия әлем елдеріне дін еркіндігі бойынша кеңес беру үшін құрылған. Сәуір айында жасаған жылдық баяндамасында АҚШ мемлекеттік департаменті Өзбекстанды әлемдегі "дін еркіндігі нашар" елдердің тізімінен алып тастаған. Комиссия Ресей бұл тізімге енуі тиіс деген еді.

Комиссияның айтуынша, Ресейде аймақтық үкіметтер діни аз топтарға қысым жасап, оларды қудалау үшін кез келген сөз немесе діни әрекетін қылмысқа айналдыра алатын экстремизм туралы бұлыңғыр тұстары көп заңды пайдаланады. Ресей жазалау практикасын өзі аннексиялап алған Қырымда да қолданып отыр. Комиссияның жыл сайынғы есебінде Ресей билігінің Қытым-татар мұсылмандарын ұрлап, азаптағаны, түрмеге тоғытуды әлі тыймағаны жазылған.

Ресей 2014 жылы Қырымға әскер жіберіп, маңызды нысандарды басып алып, аннексиялаған, онда кемінде 100 ел заңсыз деп таныған референдум өткен.

Тыңдауға қатысатындар аймақтағы діни қауымдастықтардың ахуалы жайлы баяндама жасап, АҚШ үкіметіне ұсыныстарын жеткізеді.

АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі дін бостандығының жағдайы туралы 2019 жылға арналған жыл сайынғы есебінде Қазақстанда конституцияға сәйкес діни сенім бостандығы барша азаматтарға тиесілі құқық деп көрсетілсе де, іс жүзінде елде "дәстүрлі емес" саналатын діни топтар өкілдерінің құқығы шектеліп отырғаны айтылған.

АҚШ есебі: Қазақстан дін еркіндігін шектеуін қоймады

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG