Accessibility links

Жоғарғы сот алдына баласын ертіп келген әйел сот жүйесіне наразылық білдіріп, пикет өткізді


Жоғарғы сот алдына баласын ертіп келген Бақытгүл Мәсілбаева пикет өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан, 16 қыркүйек 2020 жыл.
Жоғарғы сот алдына баласын ертіп келген Бақытгүл Мәсілбаева пикет өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан, 16 қыркүйек 2020 жыл.

16 қыркүйекте жоғарғы сот ғимараты алдына кішкентай баласын ертіп келген талдықорғандық әйел жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов пен бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің үстінен қылмыстық іс қозғауды талап етті.

"Мен қылмыскер емеспін! Жақып Асанов отставкаға кетсін!" деген жазуы бар мата жамылған Бақытгүл Мәсілбаева наразылық жасауына осыдан 7 жыл бұрын болған оқиға түрткі болғанын айтты. Айтуынша, 2013 жылы Талдықорғандағы дәмханалардың бірінде ("тамақтанып, фискалды чек сұрағаны үшін") дау туындап, ізінше соққыға жығылған. (Оны растайтын медициналық анықтамалары бар де жеткізді). Кейін сотта дәмхана қожайынының кінәлі екені анықталған. Бірақ Мәсілбаеваның үстінен "Жалған ақпарат беру", "Бұзақылық" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, мерзімі өтіп кеткендіктен тоқтатылған.

Ол сот өзін "толық ақтамады, моральдық-психологиялық зардап шектім" деп санайды. Полиция өкілдері істі "бүркемелеп, әділ жүргізбеді" деп күдіктенеді.

- Құрметті президент, өз міндеттерін орындамағаны үшін Асанов пен Нұрдәулетовтің үстінен қылмыстық іс қозғауды сұраймын. Мен Асановқа бірнеше мәрте бардым, 2017 жылы тіпті өзіме бензин құйып өртегім де келді. Өзімді толық ақтап аламын деп шағым түсіріп, үйімді де саттым. Баламның да құқығы құрсақта жатқан кезде-ақ бұзылған, екі қылмыстық іс қозғалып, осында жүрдік, вокзалда түнедік, - дейді ол.

Баласын ертіп, пикет өткізіп тұрған Бақытгүл Мәсілбаеваны видеоға түсіріп тұрған полиция қызметкері. Нұр-Сұлтан, 16 қыркүйек 2020 жыл.
Баласын ертіп, пикет өткізіп тұрған Бақытгүл Мәсілбаеваны видеоға түсіріп тұрған полиция қызметкері. Нұр-Сұлтан, 16 қыркүйек 2020 жыл.

Жоғары сот ғимаратынан ешкім шығып, әйелмен тілдеспеді.

Наразылық білдірген әйелді полиция қызметкерлері бақылап, видеоға түсіріп алды. Жоғарғы сот қасына полиция арнайы жасағы мен автобус келгенмен әйелге тиіспеді. Ол қолындағы арызын тапсыру үшін Ақорданың кеңсесіне кетті. Полиция өкілдері онымен бірге ілесіп, әйелге баласымен өзінің үстіндегі матаны шешіп тастауды ұсынды. Кейін оны өзіміз жеткізіп саламыз деп полиция көлігіне отырғызып алып кетті.

Қазақстанда заңсыз сот шешіміне наразылық білдіргендер көп. Былтыр және биыл ақпанда олар "Нұр Отан" партиясының залына жиналып, кейбірі сонда қонып, аштық та жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG