Клунидің "Әділет үшін" қоры (CFJ) Алматы қалалық сотының қазақстандық белсенді Әлнұр Ильяшевке шығарылған "төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айыптау үкімін күшінде қалдыруды ұйғарғанына қынжылатынын хабарлады.
Бұл мәлімдеме 16 қыркүйекте Клуни қорының ресми сайтында жарияланды.
Әлнұр Ильяшев Facebook әлеуметтік желісінде Қазақстанда билік басында отырған "Нұр Отан" партиясын сынаған посты үшін айыпты деп танылған.
Мұның алдында Клунидің "Әділет үшін" қоры Алматы қалалық аппеляциялық сотына Ильяшев ісіне қатысты консультативтік қорытындысын ұсынған.
Ол қорытындыда Клуни қоры "Covid пандемиясы кесірінен виртуалдық режимде өткендіктен,Ильяшев мырзаның ісі бойынша сот ісі әділетсіз болды, ал оны кінәлі деп тану – оның пікір білдіру құқығын бұзу саналады" деген пікір білдірген.
Клуни қоры "кейін қарастыру барысында үкімнің күші жойылатынына үміттенетінін" айтты.
Алматы соты 22 маусым күні 42 жастағы қазақстандық Ильяшевті Қылмыстық кодекстің "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша айыпты деп тауып, бостандығын үш жылға шектеп, 100 сағат түзеу жұмысын атқаруға міндеттейтін және қоғамдық қызметпен айналысуын бес жылға тыятын үкім шығарған.
Ұйым Қазақстан Ильяшевтің Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабында қарастырылған әділ сотталу құқығын бұзды деп есептейді. Мәлімдеме авторлары онлайн түрде өткен алғашқы инстанциядағы сот тергеу изоляторында отырған белсендінің "құқықтарын таптады", оның адвокатпен жеке сөйлесу мүмкіндігінен айырды деп санайды.
Ильяшев Facebook-тегі жазбасы үшін "төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат таратты" деп айыпталған. Белсенді жазбасында биліктегі "Нұр Отан" партиясын сынаған. Сонымен бірге биліктің коронавирус пандемиясына қарсы шараларын да сынға алған.
АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстан үкіметін белсенді Әлнұр Ильяшевтің азаматтық құқығын бұзбауға шақырған болатын.
Бұған дейін штаб-пәтері Лондонда жайғасқан халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы да Әлнұр Ильяшевке шығарылған үкімді сынаған. "Әлнұр Ильяшев ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Оның бар жасағаны - өз пікірін бейбіт түрде білдіру еді, ал билік пен оның "сарапшылары" мұны қылмысқа балап, қатаң жаза қолданды" деп мәлімдеді ұйым өкілдері. Human Rights Watch ұйымы белсендіге шыққан үкімді айыптады.
Сарапшылар Ильяшевке қойылған кез келген шектеуді бұзу үкімді қатайтып жіберуі мүмкін дейді.
Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланысты 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында төтенше жағдай режимі күшінде болды. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігі төтенше жағдайды өзін сынайтын адамдардың үнін өшіру үшін пайдаланып отыр деп бірнеше рет мәлімдеген.
Голливуд актері Джордж Клуни мен әйелі, заңгер Амаль Клуни негізін қалаған "Әділет үшін" қоры (CFJ) "бүкіл әлемде адам құқықтарының бұзылуына жауаптылықты талап ету арқылы әділдік үшін күресуді" мақсат етіп қойған. Қор әлемнің әр түкпірінде адам құқықтарын қорғау бойынша түрлі жобаны жүзеге асырады.
ПІКІРЛЕР