Беларусьтегі президент сайлауына оппозиция атынан қатысқан Светлана Тихановская 18 қыркүйекте БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесінде мәлімдеме жасайды. Ол жиынға видеомен қосылады. Бұған дейін Еуроодақ Беларусьте президент сайлауынан кейін күшейген қуғындауларды талқылау үшін БҰҰ адам құқығы кеңесінде шұғыл жиын өткізу туралы ұсыныс жасаған.
Тихановская жиында БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет және Беларусь бойынша баяндама жасайтын БҰҰ өкілі Анаис Мариннен кейін үшінші болып сөйлейді.
Осыған дейін Еуроодақ Майкл Бачелетті мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам соққыға жығылған, азаптауға ұшыраған Беларусьтегі жағдайды мұқият қадағалауға шақырған болатын. Бачелет осы апта басында "кінәлілерді жауапқа тарту үшін бұл айыптаулар зерттеліп, құжатқа түсірілуі керек" деп мәлімдеген.
Беларусь оппозициясы және Батыс елді 26 жыл басқарған Александр Лукашенконың билігі әділетсіз өткен сайлаудың көмегімен ұзартылды деп санайды. 9 тамыздағы сайлаудан кейін Литваға кеткен Тихановская сайлауда жеңдім деп есептейді. Ол 17 қыркүйекте оппозиция және құқық қорғау топтарының бейбіт шеруді күшпен басуға атсалысқан шенеуніктер мен қауіпсіздік күштерінің тізімін жасап жатқанын хабарлады. Тихановская тізім АҚШ, Еуроодақ және өзге елдерге берілетінін айтты.
"Арнайы жасақты күш қолдануды тоқтатып, халық жағына шығуға шақырамын. Әйтпесе әділ сот пен жазадан құтыла алмайсыңдар" деп жазды Тихановская Telegram парақшасында.
ПІКІРЛЕР