Accessibility links

Нұр-Сұлтанда ондаған жедел жәрдем қызметкерлері жалақыға үстемақы қосуды талап етті


Үстемақы талап етіп, наразылық өткізіп тұрған фельдшерлер. Нұр-Сұлтан, 18 қыркүйек 2020 жыл.

18 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда жедел жәрдем шақыру қызметінде істейтін диспетчерлер мен фельдшерлер жалақыларына үстемақы қосуды талап етті.

Станция ғимаратының алдында акция өткізген медицина қызметкерлерінің сөзіне қарағанда індет өршіген шақ – наурыз бен шілде айы аралығында оларға екінші категориядағы медицина қызметкері ретінде ай сайын 400 мың теңгеден астам үстемақы төленіп келген. Алайда соңғы айда "коронавирус жұққандармен тікелей жұмыс істеген жоқсыздар" деген уәж айтылып, үстемақыны қысқартып тастаған. Фельдшерлер бұған қарсы. Олар пандемия кезінде фельшерлерге де ауыр салмақ түскенін айтып, "коронавирусқа тойтарыс беру үшін күрестік, бізді енді оған қатысы жоқ адамдар сияқты шетке ысырып тастағандарына келіспейміз" дейді.

Талаптарын айтып тұрған медицина қызметкерлері. Нұр-Сұлтан, 18 қыркүйек 2020 жыл.
Талаптарын айтып тұрған медицина қызметкерлері. Нұр-Сұлтан, 18 қыркүйек 2020 жыл.

– Бізді бөліп-жаруға болмайды. Біз бір бүтін ұжым ретінде жұмыс істеп жатырмыз. Пандемияның бірінші толқыны кезінде барлық медицина мекемелері онлайн режимге көшті. Барлық қабылдау бөлмелері карантинге жабылды...Сол кезде дәрігер-кеңесшілер миллион халыққа кеңес беріп үлгермей жатты. Осындай қиын шақта көмекке біз келдік. Осында тұрған фельдшерлердің әрқайсысының 15-20 жылдан тәжірибесі бар. Сол тәжірибемізге сүйене отырып, негізгі міндетімізбен қатар ақпарат-кеңес беру жұмысын да жүргіздік. Енді бізді осы шараға түк қатысы жоқ адамдар сияқты бөліп тастайын деп отыр. Біз мұнымен келіспейміз, – дейді Гүлбану Ахметова.

Наразы фельдшерлер үстемақымен қатар коронавируспен ауырған қызметкерлерге мемлекет уәде берген екі миллион теңге өтемақыны да төлесін деп отыр. "Жедел жәрдем қызметкерлерімен бір ғимаратта істеп, бірге жүрміз, жартымыз ауырып шықтық" дейді олар. Covid жұқтырған қызметкерлер өтемақы төлеу туралы өтініш түсірген, бірақ әлі жауап алмадық дейді.

– Маусым айында коронавируспен ауырдым. Тест оң нәтиже көрсетті. Осы жерден дене қызуым жоғары күйінде поликлиникаға жіберді. Ауырғаннан кейін мені инфекциялық ауруханаға жатқызды. Он күн жаттым. Ауруханадан шыққан күннің өзінде екіжақты пневмония деген диагнозбен шығарылдым. Үйде тағы 14 күн карантинде жаттым. Сосын тест тапсырып қайта жұмысқа шықтым. Маған коронавирус жұмыс барысында жұққан. Үйде жалғыз өзім тұрамын. Мұнда бәріміз бір есіктен кіріп, шығып жүрміз. Врач-эпидемиологқа өтемақыға өтініш тапсырғанмын. Әзірге жауап келген жоқ, – дейді Әсемкүл Жиенбаева.

103 станциясының басшысы Мұрат Оразбаев станциядағы 80-ге жуық қызметкерге тамыз айында үстамақы төленбегенін растады.

– Тамыз айында қадағалау органдарында осы категориядағы жұмысшыларға қатысты сұрақтар пайда болды. Қазір әкімдік деңгейінде және өзге органдармен бірге бұл мәселені шешу үшін жұмыс жүріп жатыр, – деді Оразбаев.

Ол шамамен он күн ішінде мәселе шешіліп қалар дейді. Оның сөзіне қарағанда коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне өтемақы төленбес бұрын эпидзерттеу жүргізіліп, соның қорытындысына қарай мәселе шешіледі.

Қазақстанда осыған дейін коронавирус жұққан медицина қызметкерінің 8 мыңнан асқаны хабарланған еді. Заңға сәйкес, елде коронавирусты жұмыста жұқтырғаны дәлелденген медицина қызметкерлері ғана өтемақы ала алады. Коронавирус немесе коронавирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкеріне – 2 млн теңге, коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкерінің отбасына 10 млн теңге көлемінде өтемақы беріледі.

18 қыркүйекте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1646 медицина қызметкері өтемақы алды деп мәлімдеді. Коронавирустан қайтыс болған 22 медицина қызметкерінің отбасына 10 млн теңгеден өтемақы төленген.

Көктем және жаз айларында кейбір аймақтарда медицина қызметкерлері "вирус жұқтырғандарды емдесек те, өтемақы алатындардың тізіміне ілінбедік" деп шағымданған болатын.

  • 16x9 Image

    Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

    2004 жылы Павлодар мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. "КТК-7"  телеарнасында тілші  (2003-2005), "Қазақстан-Павлодар" облыстық телеарнасында редактор, шеф-редактор (2005-2013), "Астана" телеарнасы Павлодар облысындағы меншікті тілшісі (2013-2019) болып жұмыс істеген. 2019 жылдан бері Азаттықтың Нұр-Сұлтан қаласындағы тілшісі.  

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG