Accessibility links

Алматыда тергеу изоляторында отырған белсенді Санавар Закированы карцерге қамаған


Санавар Закирова.
Санавар Закирова.

Алматыда тергеу изоляторында отырған белсенді Санавар Закированы 17 қыркүйекте карцерге қамаған. Бұл туралы Азаттық тілшісіне оның қызы әрі қорғаушысы Малика Закирова хабарлады. Оның сөзіне қарағанда анасы дәретханада өзіне тап берген үш әйелден қорғанамын деп тойтарыс берген.

Тергеу изоляторы Закированың бес күнге карцерге қамалғанын растады. Тергеу изоляторының қызметкері оны жазаға тартуға "камерадағы үш адамды соққаны" себеп болды деді.

Закированы сотта қорғаған адвокат Жанар Балғабаева бейсенбі күні белсендімен кездескенін айтты.

— Біз кешкі сағат 6-да қоштастық. Осыдан соң Санавар Закирова прокурормен кездесемін деп отырған. Біздің кездесуімізден кейін оның карцерге қамалғанын бүгін ғана қызынан естідім. Тамыз айының ортасынан бері Санавар Закирова мекеме басшылығының өзге тұтқындарды пайдаланып, өзін арандатып жүргені, өміріне қауіп төнгенін ылғи айтып келеді. Карантинге байланысты біз яғни, адвокаттар өзіміз қорғап отырған азаматтармен тек алдын ала жазылу арқылы кездесе аламыз. Енді Санавармен тек сейсенбі күні ғана кездесе аламын, — деді Жанар Балғабаева Азаттық тілшісіне.

Заңгер сонымен бірге Закированың өміріне қауіп төнгендіктен басқа мекемеге ауыстыру туралы өтінішінің көшірмесін де көрсетті.

Мұндай өтініш алғаш рет жазылып отырған жоқ. 24 тамызда Закирова өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, Алматы прокурорына өтініш жазған. "Егер өліп кетсем, тергеу изоляторының басшылары мен қызметкерлерін кінәлауды сұраймын" деп өтініште аты-жөндерін де көрсеткен.

21 тамызда Санавар Закирова прокурормен кездесуді талап етіп, үш күнге аштық жариялаған. Прокурормен кездескен соң акциясын тоқтатқан.

Оның апелляциялық шағымы алдағы күндері Алматы қалалық сотында қаралуы тиіс.

15 шілдеде сот Закированы биліктегі "Нұр Отан" партиясының мүшесі Т.Ш. есімді азаматтың 39 жастағы қызы Д.Ш.-ның "денсаулығына орта дәрежеде қасақана зиян келтірді" (Қылмыстық кодекстің 107-бабы, 2-бөлімі, 7-тармағы) деп тауып, оны 12 айға бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Айыптауға негіз болған оқиға 8 тамызда Т.Ш.-ның үйінің маңында болған. Сол оқиғадан соң екі жақ "дене жарақатын салды" деп бір-бірін айыптаған.​

Жақтастары Санавар Закированы саяси себеппен қудалап жатыр және бұған былтырғы сот ісінің қатысы бар деп санайды. Былтыр шыққан сот шешім бойынша, Закирова мен оның екі жақтасы "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесіне өтемақы төлеуге міндеттелген. Ал өзге тарап мұны жоққа шығарады.


  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG