Accessibility links

Covid індеті Оңтүстік-шығыс Азияда күшейе түсті. Әлемдік ахуалға шолу


Индонезия астанасы Джакартадағы маска таққан жолаушылар. 14 қыркүйек 2020 жыл.
Индонезия астанасы Джакартадағы маска таққан жолаушылар. 14 қыркүйек 2020 жыл.

Reuters агенттігінің мәліметінше, әлемде Covid жұқтырғаны расталғандар саны бір күнде 274,7 мың науқасқа артып, 30,5 миллионға жеткен. Өткен тәулікте аурудан 6,1 мың адам қайтыс болып, Covid құрбандарының саны 950 мыңға жуықтады. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны бойынша бірінші орында бұрынғыша АҚШ тұр, бірақ кейінгі күндері Оңтүстік-шығыс Азия елдерінде індеттің тарауы күшейіп барады.

Сенбі, 19 қыркүйек күні Филиппин елінде 3962 адамнан коронавирус анықталды. Бір күнде 100 Covid өлімі тіркелген. Бұл екі кейінгі бес күннің ең жоғарғы көрсеткіші болып отыр. Елдің денсаулық сақтау министрлігі вирус жұқтырғаны расталғандар саны 283,4 мыңнан асқанын, қайтыс болғандардың 4,9 мыңға жеткенін хабарлады.

Индонезияда коронавирус науқастары жөнінен тәулік рекорды жаңарды. Сенбі күні бұл елде 4168 адамнан Covid инфекциясы анықталған. Бір күнде 112 өлім тіркеліп отыр. Елде барлығы 240,6 мың адамның вирус жұқтырғаны дәлелденген. Олардың 9,4 мыңы қайтыс болған. Covid құрбандары бойынша Индонезия Оңтүстік-шығыс елдері арасында көш бастап тұр.

Вирус жұқтырғандардың тәулік өсімі бойынша көш басында бұрынғыша Үндістан тұр. Reuters мәліметінше, 19 қыркүйек күнде елде 93 337 адамнан коронавирус анықталған, 1247 адам осы аурудан қайтыс болған. Елде барлығы 5,3 миллион адамнан коронавирус табылған. Аурудан 85 619 адам көз жұмған.

Израильде жұма, 18 қыркүйек күні екінші рет карантин енгізілді. Бірінші карантин наурыздың соңында жарияланып, вирус жұқтырғандар санының төмендеуіне байланысты мамыр айында жеңілдетілген болатын. Алайда кейінгі аптада вирус жұқтырғандар саны күн сайын 5 мыңға көбейіп отырған. Ел билігі карантин шектеулерін тым ерте алғанын мойындап отыр.

Екінші карантин үш аптаға енгізіліп отыр және еврейлердің жаңа жыл мерекесі - Рош ха-Шанамен тұспа-тұс келмек.

Вирус жұқтырғандар саны бойынша Еуропа елдері арасында бірінші орында тұрған Испанияда Covid науқастарының саны 640 мыңнан асты. Науқастар саны күн сайын шамамен 10 мыңға көбейіп отыр. Кеше, 18 қыркүйек күні 14 389 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Аурудан қайтыс болғандар саны бір күнде 90 адамға артып, 30 495-ке жетті.

Бразилияда кейінгі күндері күн сайын шамамен 31 мың Covid науқасы тіркеліп отыр. 18 қыркүйек күні елде 36 653 науқас анықталған. Елде барлығы 4,4 миллион адамның вирус жұқтырғаны расталған. Оның 134,9 мыңы қайтыс болған.

АҚШ-та бейсенбі, 17 қыркүйек күні ел президенті Дональд Трамп алдыңғы мәлімдемесін қайталап, Covid вакцинасы қарашадағы президент сайлауына дейін дайын болады деді. Оның сайлаудағы бас қарсыласы демократ Джо Байден Трамптың бұл мәлімдемесін жоққа шығарып, вакцинаның санаулы аптада дайын болатынын күмән келтірді.

«Вакцина пайдалып, ертең-ақ бәрі жақсы болады деген пікір қисынға келмейді» деді ол 17 қыркүйек күні CNN арнасына берген сұхбатында.

Көптеген денсаулық сақтау маманы – олардың арасында АҚШ-тың ауруды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) директоры Роберт Редфилд те бар – вакцинаның 2021 жылдың ортасына дейін дайын болуы екіталай деген пікірде.

Өткен тәулікте АҚШ-та 46 мың адамның коронавирус жұқтырғаны расталды. Бір күнде 909 Covid өлімі тіркелді. Елде барлығы 6,7 миллион адамның вирус жұқтырғаны расталған. Оның 198,6 мыңы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG